21 қар, 2022 сағат 15:12

Кандидаттардың "қара пиар" жасамағаны қуантады – Лебедев


ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев президенттікке таласқан кандидаттарға баға берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айтуынша, президенттікке үміткерлер жіті әрі сапалы іріктелген.

"Барлық кандидат та жоғары білімді, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда жұмыс өтілі бар лайықты адамдар. Мемлекеттегі ең жоғары қызметке ұсынылатын кандидаттың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге ие. Кандидаттардың позициясы туралы айтар болсам, сайлауалды науқан барысында қара пиар болмағаны қуантады. Президенттікке кандидаттар сайлаушыларды өз бағдарламасымен таныстыруға көңіл бөлді. Қарсыластарының бағдарламаларын сынаудан аулақ болды. Бұл науқанның тыныш өтуіне септігін тигізді", - деді Лебедев Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның пірікінше, саяси науқан ашық өтті. Оған сайлау учаскелерінде атмосфера дәлел. Лебедевтің айтуынша, барлық кандидат өз сайлауалды бағдарламасында халықтың арман-мақсаты мен мұң-мұқтажын ескерген.

"Олардың басты мақсаты халықтың өмірін жақсарту, Қазақстан жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету болды", - деді Лебедев.

ТМД бақылаушылар миссиясы – барлығы 174 адам Қазақстанда бір ай бойы жұмыс істеді. Олар 1000-нан астам сайлау учаскесін аралап шықты. Мониторинг Қазақстан аумағында, сондай-ақ дипломатиялық және консулдық мекемелер жанынан ашылған сайлау учаскелері бар басқа елдерде де жүргізілді. Сайлау науқанын барысында ТМД бақылаушылар ешқандай заңбұзушылық тіркемеген.