Елімізде атқарушылық іс саны жылына 1 млн-нан астам құжатқа өсуде. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл сайын атқарушылық іс саны 1 млн-нан астам құжатқа өсуі байқалады. Тиісінше сот орындаушыларының жүктемесі артып келеді. Сот актілерін орындау - ең проблемалық жұмыс. Сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдардың саны төмендемей, бұзушылықтардың саны да өсуде. Бұл әкімшілік әділет жүйесін енгізуді айқын көрсетті. Талап-арыздардың жартысы - сот орындаушыларының әрекеттерін даулау туралы. Көп жағдайда соттар оларды негізделген деп таниды», - деді Қанат Мусин.
Оның атап өтуінше, бұл жағдайдың субъективті және объективті себептері де бар.
«Сот орындаушыларының көпшілігі өз денсаулықтарын, кейде өкінішке орай өмірлерін аямайтын адал және еңбекқор қызметкерлер. Біз оларды қолдадық та және қолдаймыз», - деді министр.