14 қаң, 2022 сағат 16:18

Қанат Ислам мен Данияр Елеусінов IBF рейтингінен шығып қалды


Халықаралық бокс федерациясы (IBF) барлық салмақ санатындағы боксшылар рейтингінің жаңартылған нұсқасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Назарларыңызға қазақстандық боксшылардың позицияларын ұсынамыз:

Екінші орта салмақта Айдос Ербосынұлы төртінші орнын сақтап қалды. Алғашқы екі позиция бос, үшінші орында – ресейлік Евгений Шведенко. Бұл дивизиондағы IBF әлем чемпионы – мексикалық Сауль «Канело» Альварес.

Орта салмақта әлем чемпионы атағы Геннадий Головкинге тиесілі. Жәнібек Әлімханұлы тоғызыншы орнында қалды, ал Мейірім Нұрсұлтанов 12-ші орыннан 13-ші орынға төмен түсті, ал 14-ші орында болған Қанат Ислам рейтингке ілінбей қалды. Үздік 15-тің ішінде бірінші орында – бразилиялық боксшы Эскива Фалькао, екінші орын бос, үшінші орында – неміс Патрик Войцицки.

Жартылай орта салмақта өткен айда 13-ші орында болған Данияр Елеусінов те рейтингке ілінбеді. Бұл дивизионда әлем чемпионы – америкалық Эррол Спенс, алғашқы екі позиция бос, ал үшінші орында – оның отандасы Джарон Эннис.