15 қаз, 2016 сағат 20:15

Қамбаға миллион тоннадан астам астық түсті

Биыл облыс диқандары рекордтық өнімге қол жеткізуі мүмкін. Егін ору науқанының алғашқы нәтижелері де белгілі. Нақты санға жүгінсек, миллион тоннадан астам астық қамбаға түскен. Әлі күнбағыс алқаптары орылмағанын ескерсек, бұл көрсеткіш ұлғая түсетіні анық.

Жалпы, аймақ бойынша биыл 1,1 млн гектар жерге дән себілген болатын. Оның 573,6 мың гектарына дәнді дақылдар себілсе, 413,9 мың гектарына майлы дақылдар егілген. Сондай-ақ, 21,1 мың гектарға картоп, 8,5 мың гектарға көкөніс, 4,8 мың гектарға бақша дақылдары, 78,1 мың гектарға жемшөп себілді. 

Дәнді дақылдардың алқабы барлық аудандарда толық орылып бітті. 14-қараша күнгі соңғы мәліметтерге сенсек, дәнді алқаптың әр гектарынан 18 центнер өнім түскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 11,3 центнер болғанын айту керек. Осының арқасында тек дәнді дақылдың ғана жалпы өнім мөлшері 1,029 тоннаны құрап отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш 697,3 мың тонна болған. 

Майлы дақылдар себілген алқаптың әзірге 33,2 пайызы, яғни, 137,3 мың гектары орылған. Мұндағы өнімділік мөлшері гектарына 12,6 центнерден келеді. Өткен жылы майлы дақылдардың түсімі тоғыз центнерден асып жығылған болатын. Әзірге қамбаға 173,5 мың тонна майлы дақыл түсті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубековтің айтуынша, қарашаның басына қарай майлы дақылдар да түгел қамбаға түсуі тиіс. 
Өңір аумағындағы картоп алқаптарының 99,8 пайызында қазу жұмыстары аяқталған. Орта есеппен әр гектардан 199,2 центнер өнім түскен. Бұл былтырғы көрсеткіштен тура 11 центнерге көп. Қ.Төлеубеков жиналған 420,5 мың тонна картоп келесі маусымға дейін артығымен жететінін айтады. Сондай-ақ, 221,3 мың тонна көкөніс алынды. Бұл гектарға шаққанда 260,1 центнерден келеді. Бақша дақылдарының биылғы түсімі гектарына 294 центнерден айналған. Жиналған жалпы өнімнің мөлшері – 140,7 мың тонна.

Мұндай рекордтық көрсеткіштің басты себепкері ылғалды жаз екені түсінікті. Әйткенмен, жаздың жаңбырлы болуы жер емген қауымды біраз әуреге де салды. Бітік шыққан астықты шірітпей, шашаусыз алу үшін диқандар жылт еткен ашық күннің бәрін тиімді пайдалана білді. Орақ науқанына облыс бойынша алты мың трактор, екі мың дестелегіш, төрт мың жүк көлігі, 3152 астық комбайны жұмылдырылды.

Басқарма басшысы Қ.Төлеубековтің айтуынша, шаруа қожалықтарының жыл сайын техникаларын жаңартып келе жатқаны да орақ науқанының сәтті аяқталуына септігін тигізген. Алқаптарға жіберілген комбайндардың 869-ы өнімділігі жоғары, жаңа модельді техникалар болған. Олар барлық дәнді алқаптың 40 пайызын игерген.

Осыншама техника үшін күзгі маусымға деп 27 мың тонна дизель отыны бөлінген екен. Бүгінде соның 22,5 мың тоннасы жағылған.
- Осынша астықты жауын-шашынға ұшыратпай, шашаусыз кептіріп алу үшін астық кептіргіш нысандарға бес мың тонна дизель отыны қосымша бөлініп отыр. Облыс аумағында астық кептіруге арналған 77 кешен бар. Солар тұрғанда астықты шығынға ұшыратамыз-ау деген қорқыныш болмауы тиіс. Келер жылға жоспарланған тұқым мөлшері де 107 пайызға орындалды, - дейді Қонысбай Төлеубеков.

Жемшөп қоры да қыстамаға артығымен жетерлік мөлшерде дайындалыпты. Басқарманың дерегіне сүйенсек, 2,2 млн. тонна шөп, 102,7 мың тонна пішендеме, 240,7 мың тонна сүрлем, 109,9 мың тонна сабан әзірленген.



Есімжан Нақтыбайұлы, "Дидар" газеті