15 қыр, 2020 сағат 10:17

Камалжан Надыров: Дәл қазіргідей жағдайда тұмауға қарсы вакцинаның маңызы зор

Алматыда жақында тұмау мен жұқтырылған респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) ауруларына қарсы вакцинация маусымы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың сөзінше, тұмау тарайтын уақыт келіп қалды. Сонымен қатар қазір коронавирус індетінің де тарап жатқанын ескерсек, вакцина қабылдаудың маңызы зор. 

«Биыл біз тұмауға қарсы вакцинаға қазір ерекше маңыз беріп отырмыз. Себебі, пандемия кезінде екі вирустық инфекцияның қосарласу қаупі бар. Алматылықтарға осы мәселеге баса назар аударып, қауіптің алдын алуға кеңес беремін. Әкімдік алған вакцина бұрыннан тиімділігін көрсетіп келеді. Ол қауіпсіз», - деді Камалжан Надыров.

Айта кету керек, биыл жергілікті бюджет қаржысына 3 валентті тұмауға қарсы вакцина сатылып алынды. 

«Гриппол Плюс» вакцинасының 130 мың дозасы алынды. Қазанда коронавирус қаупіне байланысты 300 мың доза жеткізіледі.

Биыл Алматыда тұмауға қарсы вакцинация жылдағыдан ерте басталып, желтоқсан айының басына дейін жалғасады.