Дархан Кәлетаев Қазақстанның Молдова Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Аманұлы Кәлетаев Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды", - делінген Жарлықта.
Дархан Аманұлы Кәлетаев 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл кентінде дүниеге келген. Тарихшы, саясаттану ғылымдарының докторы.
1994 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тарихшы мамандығы бойынша бітірген. 1996-1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебін бітірген. "Социально-политическая консолидация казахстанского народа деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Жастар өмірі және олардың саяси-әлеуметтік мәселелері жайында жазылған кітаптардың (мысалы, "Молодеж Казахстана на пороге ХХІ века", 2000; "Возмемся за руки, друзья!", 2001; телеавт.) авторы.
Еңбек жолын 1995 жылы Министрлер кабинетінің Тілдер комитетінің маманы ретінде бастаған. Білім және мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрліктерінің құрылымында жұмыс істеген.
2001-2002 жылдары Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігінің ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, кейін Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры болып жұмыс істеді.
2002 жылдан бастап - ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтік-саяси бөлім меңгерушісі, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
2007-2008 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, 2008-2009 жылдары - "Нұр Отан" ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, 2009-2016 жылдары - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарушы директоры қызметтерін атқарған.
2018 жылдың 4 сәуірінде Дархан Калетаев дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған еді.
861 рет оқылды