09 қар, 2017 сағат 15:25

Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы Батыс өңірінде өнер көрсетті

Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Нұрын шашқан Оңтүстік» атты концерті Орал және Ақтөбе қалаларында өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айтулы кеш шымылдығын «Елбасы қоры» сыйлығының лауреаты, халықаралық байқаудың бас жүлде иегері «Қазына» би ансамблі «Қара жорға» биімен ашты. Мұнан соң көрермендер ұлттық өнерімізді шетелдерде насихаттап жүрген мәдениет майталманы Ақмарал Биназарова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Сүндет Миралиев және Айжан Тәшенова, Айнұр Нұрашова секілді әншілердің орындауында «Шәмші әндерінен попури», «Бәйдібектің жайлауы», «Бозбала», «Елге сапар», «Домбыра» әндерін тыңдады. Аталған мәдениет өкілдерінің өнерін «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің жанынан құрылған «Тұмар» фольклорлық ансамблі сүйемелдеді.

Ал қараша айында Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония және Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония әртістері біздің өңірге келіп концерт қоймақшы.              

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда 250-ге жуық өнерпаз қызмет етеді. Содай-ақ биыл «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі 15 жылдық мерейтойын тойлаудамыз. Қасиетті Жайық өңірімен орнатылған мәдени байланысымыз мәңгілік болсын!, – дейді Ш. Қалдаяқов атындағы филармония директоры Нұрсәт Бейсеқожаев.