05 қаз, 2016 сағат 20:35

«Қаламқас» Күршімді ән-жырға бөлеп кетті

Атағы алты қырдан асып, ежелден-ақ ел аузында жүрген әйгілі «Қаламқас» ән-би ансамблі өз өнерін Күршім жұртының талқысына салып қайтты. 

«Абай ауданының өнерпаздары концерт әкеледі екен» деген хабар дүңк ете түскенде Күршімнің ән-жыр десе ішкен асын жерге қоятын өнерсүйер қауымы шынымен-ақ елеңдеген еді. Бұл сөз расқа шығып, 20 қыркүйек күні аудандық мәдениет үйін бетке алған жұрттың қарасы шынында да молдау болған-ды. Асыға күткен концерттің көрерменді ә дегеннен-ақ баурап әкеткені шындық.

Алдымен шығып, «Алтын адам» биін билеген бір топ өнерпаздың қимыл-қозғалысы, оларды сүйемелдеген музыка әуенінің өзгеше сарыны сахнаға көз тіккен қауымды тылсым бір әлемге жетелеп кеткендей еді. Сол сарын кілт тынғанда демін ішіне тарта тыңдаған жұрт «уһ» деп демдерін бір-ақ алды. Іле-шала шығып, Абайдың «Сегіз аяқ» әнін әуелеткен Қайрат Қабышевтың өнері де жоғары бағаланды. Бұдан соң кезек алған бірінен-бірі өткен небір майталман әншілер мен тал-шыбықтай майысқан бишілер көрермен көзінің жауын алып, құлағының құрышын қандырды.

Қысқасы, абайлықтардың осы күнгі тамаша өнері күршімдік талғампаз қауымның көңілінен шықты. Бас-басына тоқталып, оқырманды мезі қылмай-ақ қояйық, дегенмен, айтпай кетуге болмайтын кейбір жайларды жіліктеп шықсақ, біраз нәрсенің басы айқындалып қалары сөзсіз. Залдағы қауымға әсіресе ұнағаны – бес адамнан құралған көне ұлт аспаптары ансамблінің өнері болды десек, мұны ешкім теріске шығара қоймас. Сонымен қатар, сахна мәдениетінің қапысыз сақталуы да көңіл қойған адамды шынымен сүйіндіргені сөзсіз. Ал осы ұжымның ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ансамбльді бірге құрып, біте қайнасып келе жатқан Абай ауданының Құрметті азаматы, жезтаңдай әнші Бақыт Шағатаева шырқаған Л.Хамидидің әйгілі «Бұлбұл» әніне құлақ түрген жұрттың таңданысында шек болған жоқ. Зейнетке шыққанына да бірқауым уақыт болып қалған, баяғыда «әже» атанған байырғы өнерпаздың дауыс ырғағы, сыңғырлаған үнінің тазалығы осы саланың кәнігі мамандарын да тәнті етті.

- «Қаламқас» ансамблінің құрылғанына келесі жылы 45 жыл толады, - деп сыр бөлісті бізбен осы ұжымды бастап келгендердің бірі, Абай аудандық мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісов. – Өнер болған соң оны тарату керек, ел-жұртқа көрсету керек. Сол мақсатпен біз өткен жылы Зайсан, Тарбағатай аудандарына, Катонқарағайға арнайы барып, концерт қойып қайттық. Содан соң аты талай жерге мәшһүр, даңқы дүрілдеп тұрған Күршімге, қазақтың әйгілі ұлдары Досхан мен Уәйістің, Шәкәрім атамызды күллі қазаққа насихаттаған белгілі әнші, Абай ауданының Құрметті азаматы Өлмесеков Келденбайдың еліне әдейілеп ат басын тірегенді жөн көрдік. Қырық екі адамнан тұратын осы өнер ұжымын аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков бастап, біз қостап, алып келген едік. Бұл сапарымызға ризамыз, Күршімнің көзі қарақты қауымы өте жақсы қарсы алып, лайықты қошемет көрсетті. Алла қосса, келешекте жаңа бағдарламамен тағы да келе жатармыз деген ойымыз бар.

Жауапты қызметкердің бұл сөздері тыңдаған жұрттың разылығын туғызып, көптің санасына «ұзамай тағы да жолығармыз» деген сенім орнатқаны даусыз. Қызықты кеш мәресіне жеткенде арнайы келіп, өнер саласында тәжірибе алмасып жатқан күллі қазаққа әйгілі, көптеген шетелдерге танымал жүлделі де іргелі өнер ұжымына оң пікірлерін, ақ тілектерін арнап, үйді-үйіне тараған үлкенді-кішілі күршімдіктердің көкейлерінде күй күмбірлеп, ән жаңғырып бара жатқаны шындық еді.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.