06 қыр, 2019 сағат 06:51

Қаламгер лабораториясы: тұтастық пен бітім

Азияның ең қарымды деген қаламгерлері ерке Есілдің жағасындағы еңселі елорда төрінде осымен екінші күн қатарынан әдебиет төңірегіндегі мәселелерді қызу талқылау үстінде. Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен қолға алынған игі шараның келелі табыстарға жеткізетінін форумға арнайы шақырылған құрметті қонақтар да, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та шараның ашылу салтанатында кең көлемде айтып өтті. «Алдымен, Азия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі», деді Президент Қ.Тоқаев. Шынымен де, әдеби дискуссиялар ақпарат тасқындап тұрған алмағайып шақта аса қажет. Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы ЭКСПО қалашығының Номад Сити Холл сарайында жалғасын тапты. TED форматындағы «ASIAN LitTALKS» форсайт-сессиясында есімдері әлемге танымал әйгілі ақын-жазушылар «Қаламгер лабораториясы» тақырыбында лекция оқыды.

Форсайт-сессия барысында Түркия, Ресей, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Иор­да­ния, Кувейт, Әзербайжан секілді мем­­ле­кеттерден келген әдебиетшілер өзде­­рі­нің қаламгерлік шеберханасы тура­лы ой­­ларын тарқатты.

Баяндамашылардың көшін бастаған «Алтын қауырсын» ұлттық жүлдесінің иегері, моңғолиялық танымал ақын әрі жазушы Гун Ажавын Аюрзана болды. Баяндамашы әдеттегіден бөлек, сахнада малдас құрып отырып әңгіме өрбітті. Ақынның ол мінезінен көшпенділердің рухын сезінген қазақ, қырғыз жазушылары сүйсіне қабылдады. Гун Ажавын Аюрзана өз сөзінде жазушылықтың мехнатты жұмысы, аз жазу мен көп жазудың аражігіне тоқталды. «Мен сіздермен өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Себебі біз бәріміз жалғызбыз. Сондықтан қа­лам­­герде жазудан басқа таңдау жоқ. Әлемде күніне 2000-3000 сөз жазатын жазушылар бар. Мен де осыған өзімді дағдыландырып жүрмін. Жас кезімде көп жазатын жазушыны мойындағым келмейтін. Себебі ол мықты жазушы емес, тек еңбекқор жазушы деп ойлайтынмын. Кейін бұл ойымның қате екенін түсіндім. Қазір мен өз елімде көлемді роман жазатын жазушы ретінде танымалмын. Сондықтан жазушыға тәртіппен, яғни жүйемен жұмыс жасау керек», деді моңғолиялық қаламгер.

Келесі кезекте мінберге көтерілген қа­зақтың қабырғалы қаламгері, Мем­ле­­кеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұма­ділов әдебиетті форумдар емес, жа­зу үстелі жасайтынын айтып бастады. «Ұлт және әдебиет» тақырыбында ой өрбіткен жазушы «Менің ұғымымда ұлттан тыс әдебиет болмайды. Ұлттан тыс жазушы да болмайды. Өйткені бізге Жаратушы тіл берді, дарын берді. Неге? Өз ұлтыңның мұңын мұңдап, жоғын жоқтау үшін берді. Біз бәріміз соған қызмет істеп жүрміз. Әлгінде түрік бауырымыз жақсы бір пікір айтты. «Жазушылар біреуге ұнау үшін жазбау керек». Мен де осы ойды айтқым келеді. Әдебиеті жасайтын форумдар емес, жазу үстелі. Дегенмен, басқосулар керек. Осындай форумдар арқылы жазған әдебиетіміз насихатталады. Басқа тілдерге аударуға мүмкіндік туады. Біз аудармада кенжелеп қалғанбыз», деп өз ойын ортаға салды.

Қабдеш Жұмаділов сондай-ақ бү­гін­де екіжақты пікір айтылып жүрген Шыңғыс ханның шығу тегіне қатысты сөз қозғады. «Біз осы күнге дейін Шыңғыс ханды моңғол деп келдік. Жаңа деректер мен аудармалар оның түркі екенін растап берді. Шыңғыс хан­ның әйелі қоңырат, төрт ұлының алған келіндері қоңырат, найман, жалайыр,
керей секілді түркі тайпаларынан. Нояндарының бәрі түркілер. Осыдан сегіз ғасыр бұрын Бату хан 250 мың қол­мен жорыққа аттанды. Ол заманда түр­кілерден өзге ондай қалың қолды кім шығара алады? Онда моңғолдар шағын ғана тайпа еді. Біздің жиналуымыздың бір мақсаты, шындыққа жақындау. Мені тарихи романдар жазуға итермелеген де осы, ақиқатқа жақындау», деді жазушы Қ.Жұмаділов.

Форсайт-сессияның алғашқы бөлі­мін­де «Түрік поэзиясы мен мәдениетіне қосқан үлесі үшін» марапатының иегері, түркиялық ақын Мехмед Нури Пар­мақ­сыз, «Территория» фестивалі ая­сында Ресей ақындарының патшасы болып таңдалған Дмитрий Воденников, Сауд Арабиясының Мәдениет және өнер комиссиясының төрағасы, Араб елдері поэзия фестивалінің директоры Ахмед әл-Мулла поэзия мен проза жанрларына тоқталып, әлемдік әдебиеттегі құбылыстар жайында сөз етті.

Баяндамашылардың барлығы өз ойла­рын әлемдік тәжірибелермен сабақ­тас­тырып, тыңдармандарды тың ойларға жетелеп отырды. Айталық, Дмитрий Воденников «Поэзия – бұл өткен шақ. Поэзия өткен өмір сүреді, бірақ бола­шаққа үмітпен қарайды», деп пайымдаса, түрік ақыны Мехмед Нури Пармақсыз «Жазбай және іштегі шерді шығармай, шығармашылық күй кешу дегеніңіз ол – жанымызды денемізбен бірге өлтіру, ал біз үшін абсолютті өмір жолы ол – өлең» деген пайымды ойын ортаға салды.

Мағыналы жиын түс әлетінен кейін де жалғасын тапты. Форсайт-сессияның екінші бөлімін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, заманымыздың заңғар жазушысы Дулат Исабеков ашты. Жазушы өз сөзін әдебиеттің әңгімесінен бөлек әлемді алаңдатып отырған саяси ахуалдарды көбірек сөз етейік деген үндеумен бастады. «Әлемдік мәселе, ұлттық көзқарас жазушының басты тақырыбы. Адам туғанда әке-шешені таңдап тумайтынындай, туған жерін де таңдау құқығы берілмеген. Бейбітшілік те, соғыс та бір ғана сөзбен шешіледі. Осы жағын ескерейік», деді Д.Исабеков.

Жазушы зертханасы жайлы әр қалам­гер­дің пайымы әртүрлі. Мәселен, қазақ тілінің қызғыш құсы ақын Мұхтар Ша­ханов шығармашылық зертханасын үнемі ұлттық мәселе үшін күресте шың­дағанын айтса, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек үлкен әдебиеттердің стандарт­тарын қабылдау керектігін тілге тиек етті. «Мәселен, шығыс ежелден миниатюраға жақын. Роман деген оқырманды тартып тұратын магиялық құдіреті бар жанрды алып қараңызшы. Қазір романның көле­мі сақталмайтын болды, ендеше неге романға қойылатын шарттар сақ­талуы керек», дейді Ж.Қорғасбек.

Қы­зық­ты талқы өз тыңдармандарын еш жа­лық­ты­р­ар емес. Ойлар алмасып жатыр, сөздер шар­пысып қалған тұстар бар, ең бастысы рухтар үндесіп кеткендей жылылық лебі есуде. Келелі жиынның көздегені де сол болса керек.

Мирас Асан, "Егемен Қазақстан"