Фото: Amichai Stein / X.
Израильдің Тель-Авив қаласы маңындағы Бат-Ям ауданында үш автобус жарылды, бұл оқиғаны билік теракт болуы мүмкін деп тексеруде. ВВС-дің хабарлауынша, алдын ала мәліметтерге сәйкес, зардап шеккендер жоқ.
Қосымша екі автобустан жарылғыш заттар табылған. Израильдің ақпарат құралдары көлік министрі Мири Регевтің барлық автобустар мен теміржол қозғалысын тоқтатып, жарылғыш заттарды тексеруге бұйрық бергенін жазды.
Полиция өкілі Ари Дорон 12-арнаға берген сұхбатында құқық қорғау органдарының аймақты тексеруді жалғастырып жатқанын және тұрғындарды күдікті заттарға мұқият болуға шақырғанын мәлімдеді. Ол жарылыстарға қатысты:
"Абырой болғанда, лаңкестер таймерді дұрыс орнатпаған болуы мүмкін, бірақ бұл жағдайға нақты баға беру әлі ерте", — деп атап өтті.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнелерде бір автобустың өртеніп жатқаны және одан түтін шыққаны байқалады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарылмаған 5 келі жарылғыш заттың бірінде «Тулкарм үшін кек» деген жазу болған. Бұл жазу Израиль әскерінің жуырда Батыс Шерияда жүргізген лаңкестікке қарсы операциясына қатысты болуы мүмкін.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Батыс жағалаудағы босқындар лагерлерінде операцияларды күшейту туралы тапсырма бергенін хабарлады. Ал премьер-министр Биньямин Нетаньяху оқиға туралы толық ақпарат алған.
Билік тұрғындарды Бат-Ям ауданына бармауға және күдікті заттар табылған жағдайда қырағы болуға шақыруда. Бұған дейін Израиль премьер-министрі БАПОР қызметіне тыйым салу туралы заңды орындауға тапсырма берген болатын.