26 шіл, 2016 сағат 13:18

Исраил Сапарбай. Ауыл, аграрлық реформа және...

Жер туралы комиссияның әр отырысына көңіл аударып, қада­ғалап отыруға бейілім бөлек. Бай­қағаным: алғашқыдай емес, эмоция кейін ше­ге­ріліп, байсалды қалыпқа түскендей рай байқатады. Байсал­ды­лықты әрқалай түсінуге болады. Салиқалық самарқаулыққа ұласса, байыптылық байырқаулыққа бой алдырса, онда кез келген келелі жиынның өңі қашып, өзегі суалады дей беріңіз. «Сырт көз – сыншы», өкінішке қарай, кейінгі, әсіресе, Алматы облысындағы отырыс осыны қапысыз байқатты. Оған осын­дағы «нұротандықтар» мықтап-ақ әзірленгенге ұқсайды. Саяси баталия онсыз да адым сайын асқынып тұрған шақта мұның өзі көзге тым ерсі көрінеді екен. Қайсыбір   сөйлеу­ші­лер­дің қалыптан аспай, «қауіпті» баспай «ақырын жүріп, анық бас­қаны» осыны аңғартты. Ал менің діттеген дәмем басқалау болатын. «Абылай­дың асында шаппағанда атаңның басында шабасың ба?» деп кіжінбейтін бе еді мұндайда қаны бар қазақ?! Апыр-ау, осындағы ел дегенде емешегі үзілетін, жер дегенде жеті атасынан бергі жеткен өрісі мен еккен жемісін ортаға салатын көнекөз көмбе қариялар, еңселі ел ағалары, айтулы «дала академик­тері» қайда? Айналасы ширек ғасыр­дың ішінде шынымен-ақ тақ-тұқ тау­сылып біткен бе? Азды-көпті қал­ған-құтқандары бар болса, аталмыш отырыста неге қара көрсетпеді? Сарыезу «сайрампаздардан» гөрі бізге, комиссия мүшелеріне сол ардагерлердің бірер ауыз болса да ақыл-кеңестері, іс-тәжірибелері ауа­дай қажет емес пе еді?..

Айтыңызшы, бізге көк шөптің «кө­сем» болғаны керек пе, көнекөздің есен болғаны керек пе? Олар неге естен шығады-дағы, «Нұр Отанның» белгілі бекбикелері береке кетіреді? Кез келген құйысқанға қыстырыла кету кімге опа болыпты, ертең дәл осы көрініс кезекті бір аумақ-аймақта алдынан шығып жатса, комиссия мүше­ле­рінде не қадыр-қасиет қалмақшы? Анығына көшсек, бізге, мынау қалың қазаққа «бата бергіш» пен жата бер­гіш шал-шауқаннан гөрі дәл қазір сыр­ты күміс, іші алтын қазыналы қарт­тарымыз көп-көп керек-ақ! Бітер істің басы-қасында жүргендер ендігі кезекте де, мезетте де осыны айы­рықша назарға алмаса болмайды.

«Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, кімнің кім екені көптің жүгін көтергенде білінеді. Ол жүктің баламасы – әділдік, адалдық, азаматтық. Аманатқа қиянат қыл­мақ­тық – арсыздықтың басы, аз­ғындық­тың аяғы. Бірен-сараны ғана болмаса, «халық қалаулыла­рының» «сен тимесең мен тимен бадырақ көз­деніп» отыратынына таңғаламын. Әрине, оның бір емес, бірнеше себебі бар. Мұны бізден гөрі өздері өте жақсы біледі. Оқушы кезімде «Морис Торез – халық ұлы» деген кітапты оқығаным бар еді. Мен сол кейіпкерді өз қазағымның ішінен үнемі іздеймін де жүремін. Әсіресе, қазір, мына Жер дауы желкемізге мініп алғалы бері. Сөйт­сем, мұным бекер екен. Бесене­ден белгілі аксиома – есі бар адам өзі су алып ішкен құдығына түкірмейді. Біздің «қалаулыларымыз» да осылай. Билік деген бар. Биліктің астауы деген бар. Ортақ астауға ожданы барып кім түкіре қойсын?! Комиссия тобын толықтырғанымен, денінің «дей» алмай дегбірі қашып, берекеті кетіп, бәлекет басып отыратыны осыдан. Одан өзге диагноз қоюдың өзі бекершілік. Әйтпегенде, «Жел­тоқсан қаһарманы» Сабилянов неге әліптің артын бағып сауысқандай сақ отырады? Әйтпегенде, әншейін­дегі «әлау­лай­шыл» Тілеуханов неге талғажау тақырыбын таппағансып ауа жайылумен әуре? Тағы кім бар еді? Есіме түспей отырғаны...Өйт­кені көбісі бейтарап, немкетті, жас­қаншақ. «Несі­бем­нен қағылып нем бар, жүген босатып жүре тұрмаймын ба...» деген бақай есеп.

***

Отырамын-дағы ойға қалам: «Дау­дың басы қайдан шықты?» деп. Иә, Бейімбеттің әйгілі фразасы. Жер дауын айтам да. Билік өзі миналап қойған алаңды байқамай өзі басып қалды. Бірақ Ол, біз ойлағандай, оспадар емес. Іші іріп, тысы шіріп кеткенше түпкі есебін түгелдемей тынбайды. Ал енді сол «түпкі есептің» мәніне ой бойлатып, көз жүгіртіп көрдік пе кешелі-бүгін? Неге біз құлаған империяны түп-тамырымен тәрк еттік? Шындап келгенде, ол да бір бағыты баянсыз балама формация емес пе еді? Құлаған үйдің тасы мен кірпішін жаңа мекенге жаратып жататындарды да көзіміз көріп жүр ғой. Ендеше, неден жаңылдық? Ши­рек ғасырдан астам мезетте қай межеге жеттік? Менің түсінігімдегі Капи­тализм – мейлінше менмен, тәкаппар, астамшыл, азғын, әзәзіл әлем! Ол шалдуар Шаянның тік шаншылған құйрығы толған у мен зәр. Жаз­мыш­тың жарлығы шығар, біздің күніміз сол құйрықтың құзырына құба-құп. Дәл қазір. Жуық арада жаңа тұрпатты формацияны адамзат баласы таба да қоймас...

Бір Құдайдың бергені – егемен алдық, ел болдық. Етектен кестік, жең болдық. Еркіндіктің ерке желі кеуде­мізді кеуледі. Азаттықтың эйфориясы қолтыққа қанат қондырды. Қайта жерге түскенде... сүттей ұйып отыр­ған Ауыл айрандай ашыпты. Ақшалы­лар жер үлесіне қарық болып, қара халық ауа қармап қалыпты. Қорым­жайдың да өз қожайыны бар. Сөйтсек, Америка дейтін көшбастау­шы елдің соңына ілесу үшін әуелі буржуазиялық өткелден өтуіміз керек екен. Маяков­скийдің мына бір шумақ өлеңін бала кезден жатқа білуші едім:

Ешь апельсинов, ананасов жуй,
Твой последний день настал, буржуй!

Одан да өттік, өң мен түстің әлетін­де. Әйткенмен, көңіл күпті, көз күмән. Көкейде бір түйткіл қалды. Ол – Ауыл. Өз түтінін түтетіп, өз тірлігін күзетіп отырған қазақтың қара­ша­ңырағы. Ауласында баласы, аума­ғында даласы, қолтығында қорасы бар құтты, ырысты құба мекен. Сол Ауыл аз жылда қайда кетті? Көкке ұшты ма, жоқ жер құшты ма?! Біреу бар дейді...ал мен жоқ деймін. Бар болса, малы қайда, жаны қайда, саны қайда? Жоқ дейтін сөзімнің себебі біреу, салдары сансыз. Санап жіберсем саусағым жетпейді. Аты қалған, заты жалған дүние. Бұрын менің Ауылым артылға­нын емес, аузындағысын қала жаққа қабымен, қанарымен аттандырып жататын Атымтай Жомарт еді. Бұрын менің Ауылым қазыналы-қалталы, ба­зыналы-алқалы, қариялы – қау­метті, ақсақалды-әулетті, дариялы-дәу­летті еді! Бұрын менің Ауылым байлансам – қазығым, жайлансам – жазығым, шәйлансам – азығым еді. Ал бүгін...

Жақында бір танысым: «Қазір қай ауылға барсаң да жайнап тұр!» деп қалды. Аузына май, бірақ біз көріп-біліп жүрген ауыл бұл «ауылға» ұқсамайды. «Жайнап» емес, жайрап тұр десе жарасар. Бүгінде не көп – жалған ұран көп: «Дипломмен – ауыл­ға!» деп те ұран салдық. Бас қа­ладан шыққан ұран баспанаға жетпей жатып желкесі үзілді...

***

Менің ностальгиям елдің бүгінгі реалиясымен ұштасып жатса, не амал. Ендігі тағдырымыз табаны­мыз­­дың астындағы қайыстай қатпа қара жерге келіп тіреліп тұрса, қабырға­мыз­бен кеңеспегенде қай­теміз. Әсілі, біз әу бастағы қадамды дұрыс аттап, алғашқы бағытты дұрыс бағамдай алмадық-ау деймін. Әйткенмен, «жет­піс жылдың» жетпегір жетімегі жалғыз біз емес едік қой?! Әркім өз таңдауын жасады. Әсіресе, көрші­лерімізде ап-айқын: ұлттық «Мен», ұлттық мінез-құлық, этностық эгоизм, болмыс-бітім, тұрмыстық ерек­шелік пен тұлғалық даралық... Осының бәрі келіп қосылғанда ғана «халық» деген қасиетті ұғым ұлықтау­ға лайық биікке көтерілмек екен.

Рас, алғашқыда бізде бәрі де болды, «болды» деп өзімізді сендірдік. Батыстық, бонконгтік, сингапурлық, жапондық үлгілердің біразын таң­дадық, таразыға салдық. Сөйттік те жерүсті байлығынан баз кешіп, жерасты мұнайына біржола күмп бердік. Онымен қоймай «бізде Менделеев элементінің бәрі бар!» деп жер жаһанға жар салдық. Бұл біздің шын мәніндегі аңғал-саңғал ашықауызды­ғымыз еді. Есі дұрыс үй иесі «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп тәңірдің тал түсінде есік-терезесін аңқитып ашып тастай ма? «Көңіл­шекке келімсек үйірдің» кері келді деген осы. Әлі күнге дейін соның зардабын шегуліміз. Жаһанға есікті айқара ашып тастайтындай біз кім едік? Жеріміз кең, еліміз кем (сан тұрғы­сынан айтам). Өсімтал ел ғана «ашық саясат» үрдісін үнемі үдете түсуге құмбыл. Ден Сияу Пин мыңғырған Қытайға осы реформасын мәңгілік мұраға қалдырды. Ал құдай қосқан көршіміз Өзағаң кісі баласына ауласын да, аумағын да оңайлықпен көрсете қоймайды. Әубастан солай. Себебі, «сақтықта қорлық жоқ». Бізден елі-жұрты екі есе көп болса да.

Кеше, Бүгін, Ертең – мөлшерлі Уақыттың өлшемді үштағаны. Өсу де, өрлеу де, өшу де осы үшемнің ортақ сыбағасы. Халықтың алғысы да, қарғысы да осы тараптан табылады. Көктегі идея жерге түспей екі аралықты ендеп тұрып алса, ол не әуезе арманға, не қисынсыз қиялға айналады. Тұғырсыз тұлға ғұмыр­сыз. Осыдан жиырма жылдай бұрын орыстың бір басылымынан оймақтай ғана хабар-ошарды оқығаным бар еді. Екі жыл беделінде елдің экономикасын екі елі алға жылжыта алмаған жапон премьері өз еркімен өзгеге орнын босатқан көрінеді. Міне, үлгі! Міне, үрдіс! Ал бізде...тақ пен табыт­тың арасы таяқ тастам жер...

***

Енді жерүсті байлығына келейік. Ол – Жердің өзі. Оның бір аты – Ана. Бір аты – Алланың берген ырзығы. Құдайға шүкір, пейілімізге сай бай­тақпыз, кеңбіз. Әлемдік ауқымда то­ғызыншы орын алады екенбіз. Алты-жеті Франция Эйфелімен, Луврымен түп-түгел сыйып жүре береді екен. Қалай мақтасақ та, мақтансақ та жарасады. Өзені де, көлі де, тауы да, бауы да жетерлік. Көршінің де, көлденең көк аттының да көзқұрты. Басыбайлы байлығымыз. Басы­байлы дейтінім – бабақоныс, байыр­ғы мекен. Оны қор­ғау да, көздің қарашығындай сақтау да қазақ жұртына бұйырған аманат. Адами тіршілікте сауғаға да, саудаға да жүрмейтін бір ұлы да ізгі қасиет болса, ол да осы Жер! Алланың ыр­зығына, бабаның аманатына қылдай қиянат жасадың екен, халықтың қарғысына ұшырап, қарабеттің қара шекпенін жамыласың. Патшаға да, басқаға да, ханға да, қарашаға да бірдей қатал да қасаң қағида бұл!

***

Әрине, көш алдындағы елдерде үлгі де көп, үрдіс те аз емес. Мысалы, АҚШ-тағы мектептерде ұстаз оқу­шыларға: «Сен ел президенті болсаң, не істер едің?» деп сауал қояды екен. Сонда Кент шаһарының он бір жасар оқушысы Роджер Голсуорси былай деп жауап беріпті:

«Президент болсам егер мен:
Күн нұрын сауып төбемнен,
Жер суын тауып тереңнен,
Адамның адал бәріне
Алғаусыз көмек берер ем!
Жетімнің басын азайтып,
Жесірдің жасын көрер ем.
Жендет пен жебір қаруды
Жетіқат жерге көмер ем!
Адамға келген ажалды
Аластар едім әлемнен!

Президент болсам мен егер:
(Сен оған кәміл сене бер!)
Ананы Күнге теңер ем.
Балаға бақыт берер ем...
Ардақтар едім арлыны,
Жарылқар едім жарлыны.
Жұмсар ем балабақшаға
Қаруға бөлген қаржыны.
Салтанат, сәнді, санатты
Дәуірде мынау қанатты
Жабар ем барлық зауытты
Жасаған қару-жарақты!

Президент болсам мен егер:
(Сен оған кәміл сене бер)
Ауласы абат, гүл-гүл бақ,
Қоңырауы тұрар сыңғырлап
Салар ем мектеп мың-мыңдап!
Өмірде мынау тым қымбат,
Жол бермес едім қырғынға
Адамды кетер құрдымға ап...
Президент болсам мен егер!

Шын, адал періштелік пейіл. Мәселе сонда ғана ма екен? Зерделі баланың көп нәрсеге көңілі толмайды. Шындап келгенде, оның да, біздің де бәндәуи ұғымымызда Президент – халық үшін гарант. Ұлықтау сол үшін жасалады. Ант сол үшін беріледі. Біздің де тұла бойымызда не көгеріп бітпейтін, не көнеріп бітпейтін бір КӨКСЕУ бар. Осыған орайлас жатсақ та, тұрсақ та жанды қинап маза бермейтін үш сұрақ бар: Ауылды неге құрттық? Жерді неге жекеменшікке бердік? Қазақтың қаракөз баласын неге қалаға қаңғырттық?

Меніңше, үшеуінің де тағдыр-талайы бір АУЫЛҒА келіп тіреледі. Ауыл әу бастан қазақтың алтын тамыры еді. Біз тамырды түбімен қопардық. Кімнің қолымен? Не үшін? Кімнің жарлығымен және нендей қажетпен? Империя құласа құлай берсін, бірақ іле-шала Ауыл деген ақ сүт берген Ананы аңыратқанымыз қай сасқанымыз? Аумағында малы, ауласында жаны бар емес пе еді?

Жерді жекеменшікке беру ұйғарымы да жұрттың ұйқылы-ояу жүрген кезінде ылдым-жылдым шешілді. Үш-төрт ұлы бар отағасы­ның сол үш-төрт баласына бір күнде енші бөліп бере салғаны сияқты. Қазақ баласы аңқау, аңғал, адал. Астарлы аярлықты, сұмдық сұңғыла­лықты, сұрқай сұлулықты қайдан аңғарсын ол?! «Өз күніңді өзің көр!» деген өктем үнді жүре тыңдады. Өстіп жүргенде өксік өмір алдынан шыға келді. Өзін жұбата ма, өмірді жұбата ма? Қазір қала дейтін қазымыр «қа­малда» мәнсіз мәңгіріп, халсыз қаң­ғырып жүргендер – түгел қа­зақтар. «Қарабазар» қазақы баланың жұтаған жұртына айналғалы бері қанша жыл? Ауыл қазір оның түсіне де енбейтін болды. Түс көру үшін де майлы тамақ, жайлы төсек керек шығар-ау...

«Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?..» – сауатты сабаздың жү­ре­­гін сыздататын-ақ сөз. Бірі мал­дәрігері, бірі агроном, бірі зоотехник... Қос-қостан дипломды. Екі аяққа жүріс бар да, екі қолға жұмыс жоқ. Амал қанша, мына қала қара­жаяуды қажет етпейді! Қызға күйеу, ұлға сүйеу жоқ заман...

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Ауылға қайта оралайық. Қыдырып емес, жұмылып. Ешқандай әбестігі жоқ. Өз үйіміз, өлең төсе­гіміз. Өмір бар жерде өркениет бар. Руханият бойымызда, өмір кешпек ойымызда. Қазақ ешкімнен көш ұзатып көрмепті деген сөз – бос сөз. Өткен өмірдің бәрі ескі-құсқы емес. Іліп алары да бар, біліп алары да бар. Біздің кеңбайтақ ел, мекені­міздің негізі Аграрлық реформада жатыр. Біз оны анау бір апақ-сапақта аңғара алғамыз жоқ. Ашықауыз­дықты Алла бір-ақ рет кешіреді. Есімізді жинайық. Етегімізді баса­йық. Ендігі есірігіміз есі бүтіннің ісі емес.

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңдi алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап...». Абай ғақлиясы. Бұл аз болса, «Досыңа дұшпаныңның көзімен қара» дейді үндінің ұлы перзенті Ошо. Қас қа­ғымда «Бағдаттың сал­дақысындай» сан құбылып тұрған жалдап жаһан, зәнталақ заман...

Кешегі кеңес дәуірінің Халық шар­уашылығы министрлігі есімізден шыға қойған жоқ шығар. Оның екі қанаты – мал шаруашылығы да, егін шаруашылығы да есте. Екеуі де әл-қадарынша өсті, өркендеді, дамыды. Одақты етпен семіртіп, нанмен асы­раған да біз едік. Тапсырма солай болды. «Кіміңді» қоя тұрып, ненің арқасында делікші?! Әрине, Құдай берген торқалы топырағы­мыздың, құнарлы жеріміздің арқа­сында. Сол жер өшіп те, көшіп те кеткен жоқ... империямен қоса. Елу миллионға жетпесе де тұяқтан тұқым қалды. Ол тұқым қазір қалт-құлт қара шаңырақ­ты шықпа жаныммен әупірімдеп асырап отыр. Бірақ егіндік жер ширек ғасыр өтсе де, қазақтың мұңы мен «жырына» айналып келеді.

Бүгінгі Жер дауы – соның ушыққан түрі. Билік тағы да айласын асырып кетті. Кеш опындық, кеш білдік. Арсызда, ақылды қайдам, айла көп. Шахмат тақтасында ылғи да бірінші жүруге дағдыланған. Жер дауына байланысты комиссия оның кезекті бір жүрісі ғана. Уақыт өтеді. Алда – жазғы демалу науқаны. Қоңыр күзге дейін. Осы аралықта комбинацияның нешеме түрі ойланып табылады. Мараторий тағы бар, демекші...

Ендігі қалған жалғыз үміт қақпа­қылға түскен, айналайын, Жер-анамызда!!! Ауыл шаруашылығы – еш­кімнің аспани идеясы емес, нақтылы, қолдағы бар реалды тірек-таяныш. Бар нәрсе аграрлық рефор­маға тіреліп тұр! Қарыздан да, ұрпақ алдындағы парыздан да бізді құт­қарса, сол құтқарады! Бұл реформа қалай жүреді, қалай жүзеге асады – елдігіміздің ендігі тағдыры осыған тікелей байланысты.

Исраил Сапарбай, ақын

"Жас Алаш" газеті