Коронавирус пандемиясы салдарынан отандық туризм миллиардтаған шығынға батты. Бұл туралы Kazakh Tourism АҚ ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Туризм - пандемиядан ең көп зардап шеккен саланың бірі. Осы орайда отандық туризмде миллиардтаған шығынға ұшырады. Алайда шекаралардың жабылуынан ішкі туризмге деген сұраныстың артқаны байқалды. 2021 жылы Қазақстанда ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңарды. Яғни былтыр ішкі туристердің саны артып, 6,9 миллион адамға жетті. Бұл - пандемияға дейінгі (2020 жыл) деңгейден 5 пайызға және 2019 жылғы көрсеткіштен 35 пайызға жоғары», - деді Талғат Аманбаев.
«Kazakh Tourism» басшысының айтуынша, ішкі туризмге сұраныстың артуына байланысты қонақ үйлер мен демалыс орындары қызметі 90%-ға артқан.
«Статистикаға сүйенсек демалыс орындары мен қонақ үйлер санының өсуі байқалады. 2020 жылы олардың саны 3 514-ке жетті. Сондай-ақ, өткен жылы елімзде 172 жаңа демалыс орны пайда болды. Сәйкесінше туристер демалатын бөлме қоры ұлғайып, 193 030 төсек-орынды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 417 төсек-орынға артық», - дейді ол.