20 қыр, 2017 сағат 12:00

Исекешев Астана тұрғындарының нақты санын айтты

Исекешев Астана тұрғындарының нақты санын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бізде ресми түрде тұрақты тұратын 1 миллион он мың адам тіркелген, уақытша тіркеуде тұрғандар саны 205 мың адам. Біздің есебіміз бойынша, қазір қалада миллион жүз мың – миллион жүз елу мың адам тұрып жатыр», - деді Әсет Исекешев облыстық мәслихаттың сессиясында.

Әкімнің айтуынша, халық санын анықтауға уақытша тіркеу процедурасының арқасынада қол жеткізілген.

«Көпшілік 1 жылдың ішінде 860 мың болған тұрғындар саны қалай миллионға жетті деп таңданған болатын. Шын мәнінде, көптеген адам бұл жерде тіркелмеген екен. Олар осы күнге дейін Жамбыл, Петропавл, Қарағандыда тіркеуде тұрған. Үкіметпен бекітілген уақытша тіркеуге тұрғызу мәселесі бізге тұрғындар санының нақты қанша екенін анықтауға жол ашты», - деді ол.

Астана әкімі халықтың мұндай тығыздығы мектеп, аурухана, қоғамдық көліктерде жүктемені көбейтетінін айтып, осыған байланысты Астанада екі миллион халыққа арналған жоспарлар әзірленетінін жеткізді.

«Біз ТМД-дағы алғашқылардың бірі болып Лондон, Дубай, Сингапур, Абу-Даби сияқты қалаларда қолданылатын кешенді дамыту жоспарын әзірлейміз. Ол халықаралық стандарттарға сәйкес екі миллион тұрғынға арналып жасалады», - деді Исекешев.

«Даму-жоспарының мақсаты – қоғамдық кеңістікте дер кезінде кешенді инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық көліктер, мектеп, аурухана, тұрғын үй кешендері мен саябақтардың дамуын қамтамасыз ету, жеті жоспарлау орталықты дамыту. Яғни полиорталықты даму моделіне көшу», - деді әкім.

Айта кетейік Астананың миллионыншы тұрғыны 2016 жылы шілдеде дүниеге келген болатын. Миллионыншы болып туған нәрестені Әсет Исекешев құттықтап, пәтер кілтін табыс етті.