14 жел, 2021 сағат 19:55

Исатай ауданында Тәуелсіздік монументі ашылды


Атырау облысының Исатай ауданында Тәуелсіздік монументі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тәуелсіздік монументі Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылында бой көтерген. 

Монументтің биіктігі – 16, ұзындығы мен ені – 6,5 метр. Оның мұнарасында қазақ халқының киелі шаңырағы, оның жанында ұшып жүрген құстар бейнеленген.

«Монумент – тарихи-танымдық маңызы зор нысан. Мұнараның биігіне киелі шаңырағымыздың орнатылуының астарында Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деген идея бар. Тәуелсіздігіміз баянды болса, еліміз де еңселі болады», - деді монументтің ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов. 

Мұнараның артқы жағында биіктігі – 5, ұзындығы – 7, ені – 1,10 метрлік 3 колоннаға рельефт-мүсіндер орнатылған. Онда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ант беру сәті мен еліміздің 30 жылдағы жетістіктері көрініс тапқан.