26 шіл, 2022 сағат 20:16

Иран ядролық нысандарда МАГАТЭ-нің бақылау камераларын қоспайтынын мәлімдеді

Фото: ru.irna.ir

Иран ядролық мәміле жаңартылғанша, елдің ядролық инфрақұрылым нысандарында орналасқан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бейнекамераларын қосуды жоспарлап отырған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат IRNA агенттігіне сілтеме жасап.

«Бұл камералардың ядролық мәмілемен байланысы бар. Егер Батыс осы Пактіге оралса және олардың (камералардың – ред.) зиян тигізбейтініне сенімді болсақ, біз бұл камераларға қатысты шешім қабылдаймыз. 

Иранның Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын қабылдауы айыптауды алып тастауға және сенімді нығайтуға негізделген. Иран сенімді нығайту мақсатында өз қызметін шектеуге келісті. Алайда олар (ядролық келісімге қатысушылар – ред.) өз міндеттемелерін орындамады», - деді Иран Атом энергиясы ұйымының басшысы Мұхаммад Эслами.

Маусым айында 35 елден тұратын МАГАТЭ Басқарушылар кеңесі үш жарияланбаған объектіде табылған уран іздерін түсіндіре алмағаны үшін Иранды сынаған қарарды басым дауыспен қабылдады, деп хабарлайды Reuters. 

Осы қарардан кейін Иран МАГАТЭ-ге 2015 жылғы әлемдік державалармен келісімге сәйкес орнатылған 27 бейнекамераны қоса алғанда, ұйымның жабдықтарын бөлшектейтінін хабарлады. 

Иран билігінің ұстанымына сәйкес, бақылау камералары бұл айыптауларды алып тастауға арналған. Егер айыптау әлі де өз күшінде болса, камералардың жұмыс істеуіне бұдан былай ешқандай себеп жоқ. 

Иран Атом энергиясы жөніндегі ұйым басшысының айтуынша, келісім қалпына келтірілгенге дейін камераларды агенттіктің өзі жинап, мөрлеп, объектілерде сақтайды.