04 қар, 2019 сағат 15:03

Ирактағы қазақ балалары қашан елге қайтарылады?

ҚР СІМ ресми өкілінің айтуынша, ондағы балалар осы айдың ішінде елге жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иракта жүрген кішкентай қазақ балаларын елге алып келеміз. Жақын арада болуы керек. Осы айдың ішінде... Нақты қашан екенін айта алмаймын. Балалардың шешелері сотталып, түрмеде отыр. Сондықтан, балалары жат елде қалмасын деп, осындағы туған-туыстары өтініш білдірді. Сол балаларды алып келеміз. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін әуежайдан күтіп алуға шақырамыз», - деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында.

Еске сала кетсек, елордада 9 қазанда өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиынында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Ирактан 14 баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

«Олардың аналары сол жақта өмір бойына бас бостандығынан айырылған», - деген еді министр.