Иордан Хошимит Корольдігінің Королі II Абдалла ибн Хусейн Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Bek Air» компаниясы ұшағының құлауына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Иорданияның «Петра» мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ұлы мәртебелі II Абдалла ибн Хусейн аль-Хашими өзінің жеделхатында Қазақстан Президенті мен қайғылы жағдайдан ажал құшқан азаматтардың отбасына шын ниетпен көңіл айтты.
Король ұшақ апатынан зардап шеккен Қазақстан азаматтарының тезірек сауығып кетуін тіледі.
Айта кетейік, 27 желтоқсанда Алматы-Нұр-Сұлтан бағытымен ұшып бара жатқан Bek Air компаниясының 2100 рейсі кенет апатқа ұшырап, бетон қоршауды бұзып өтті. Артынан ұшақ екіқабатты ғимаратпен соқтығысып, 12 адам қаза болды.
Осы оқиғаға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.