Фото: Pixabay.com
Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің Интерполы Камбоджада жұмысқа тұрмақ болған азаматты еңбек қанауынан құтқарып қалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстандық бойжеткен Камбоджа Корольдігіне қонақүй әкімшісі қызметіне орналасу мақсатымен ұшып барған. Алайда барған соң жұмыс ұсынысының артында заңсыз әрекет тұрғаны анықталған.
Бойжеткеннің еңбек құлдығына тартылу қаупі туындағаны белгілі болған сәтте Қазақстан ІІМ Интерполы дереу шара қабылдап, Камбоджадағы әріптестеріне – Интерполдың Ұлттық орталық бюросы мен адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныс жіберді. Жедел әрекет пен халықаралық өзара үйлесімділіктің нәтижесінде бойжеткен аман-есен құтқарылып, еліне оралды.
Қазіргі уақытта аталған азаматты шетелге жұмысқа орналастырамыз деп алдаған және оны заңсыз еңбекке тартуға әрекеттенген тұлғаларды анықтау шаралары жүріп жатыр. Олар заң аясында жауапқа тартылатын болады.
Бұл жағдай адам саудасымен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың нақты тиімділігін көрсетті. Бұған дейін де ІІМ Францияның Лион қаласындағы Интерпол штаб-пәтерінде келіссөздер жүргізіп, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге басымдық беріп келген.
Қазақстан жақында Интерполдың адам саудасына қарсы “Либертерра II” атты халықаралық операциясына да қосылған болатын. Осы операция аясында Лаос елінде заңсыз ұсталған тағы бір қазақстандық бойжеткен құтқарылып, елге жеткізілді.