24 ақп, 2026 сағат 14:31

Инстаграмдағы «арзан жолдамалар»: Астанада интернет-алаяқ 6 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Астанада Instagram арқылы жалған жарнама таратып, 10 адамды 7,7 млн теңгеге тақырға отырғызған интернет-алаяқ 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Елорда прокуратурасы мемлекеттік айыптауды қолдап, сотталушының кінәсін толық дәлелдеп шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Астана қаласының прокуратурасы ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, бірнеше рет алаяқтық жасаған қала тұрғынына қатысты мемлекеттік айыптауды қолдады. Сот талқылауы барысында айыптаушы тарап сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар келтіріп, оған бас бостандығынан айыру түріндегі нақты жаза тағайындау қажеттігін негіздеді.

Кінәлі тұлға Instagram әлеуметтік желісінде тиімді инвестициялар, арзан туристік жолдамалар және шетелде жұмысқа орналастыру туралы жалған жарнамалық хабарландырулар орналастырған. Ол азаматтарды жаңылыстырып, олардың сенімін теріс пайдалану арқылы жәбірленушілерден ақшалай қаражат алып отырған. Алайда өзіне алған міндеттемелерін орындамай, алынған ақшаны өз мүддесіне жұмсап жіберген.

Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде 10 адам зардап шегіп, оларға келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 7,7 млн теңгеден асты. Сот үкімімен кінәлі азаматша 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің шығынды өтеу туралы азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылып, сот шешімі заңды күшіне енді.

Осыған байланысты Астана қаласының прокуратурасы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану кезінде аса сақ болуға шақырады. Құзырлы орган интернеттегі жеңіл табыс, арзан турлар мен инвестициялар туралы ұсыныстарға сенбеуді, қызмет ұсынатын тұлғаларды мұқият тексеруді және алаяқтық фактісі анықталған жағдайда дереу полицияға жүгінуді ескертеді.