26 қар, 2016 сағат 17:55

Инновациялық жобалардың игілігін ел көреді

Кеше Астанада XI инновациялық конгресс өтті. Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ ұйымдастырған жиынға халықаралық және қазақстандық сарапшылар, Үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, ғылыми зерттеу және даму институттарының қызметкерлері қатысты. Биылғы жиын Қазақстан үшін маңызды төрт бағытқа – энергетика, жаңа материалдар, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, агроөнеркәсіптік кешендегі тереңдетіп қайта өңдеуге көңіл бөлген.

«МҮИИДБ екінші бес­жыл­ды­ғындағы  инновациялардың рө­лі» тақырыбындағы пленарлық оты­­рысты ашқан Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев еге­мендік алғанына енді ғана ши­рек ғасыр толған еліміз үшін ха­лықаралық тәжірибе алмасудың ма­ңызы зор екенін баса жеткізді. «Елбасының тапсырмасы бойынша, екі стратегиялық инновациялық кластер Алматы мен Астана қа­ла­­ларында жұмыс істейді. Біз ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін елі­міз инновациялық даму жағынан ал­ға жылжиды деп үміттенеміз. Халықаралық нарықта өзгелермен бәсекелес болу үшін жаңа білім мен технологиялар қажет екенін жете түсінеміз. Сондықтан ха­лы­қ­аралық әріптестік пен тәжірибе ал­масудың маңызы зор екенін айтқым келеді», деді министр.

Басқосуда «Бәйтерек» ұлт­тық басқарушы холдингі» АҚ бас­қарма төрағасы Ерболат Доса­ев­тың баяндамасы тыңдалды. «Бү­гінде ел кәсіпорындарының ин­­вес­тициялық мақсаттарына ба­ғытталған әрбір бесінші теңге холдинг қаржысы болып табылады. Осы ретте Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке еңбек өнімділігін арттыру мен жаңа технологиялар трансферті бойынша маңызды рөл жүктеліп отыр. Агенттік алдына қазіргі кезде технологиялық кәсіпкерлікті дамыту секілді маңызды міндет қойылды. Өткен жылдардағы оның қызметі бойынша шағын қо­ры­тынды жасайтын болсақ, 12,2 миллиард теңгеге 328 грантқа қолдау жасалды. Жұмыс нәтижесінде грант алушылар мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындарын құрды. 80 миллиард теңгеге тарта өнім шығарылды және 4 миллиард теңгенің салығы төленді. Демек, біз айтып отырған 12,2 миллиард теңге базалық инвестициялар өзін ақтады», деген Е. Досаев кейбір жобалардың нәтижелері жоспардағыдай болмағанын да жасырмады. «Біз холдинг ішінде өзі­­міздің тұжырымдамалық қа­да­­мдарымызды біршама өз­ге­р­­­тудеміз. Осы орайда, инно­ва­ция­лық дамуға қолдауды қалай жа­саудың мән-жайына ерекше на­зар аударылып отыр. Бүгінде хол­динг пен агенттік бірлесіп, қыз­метіміздің жаңа бағыттарын дамытуды қалыптастырумен айналысуда», деп түйіндеді ол сөзін.

Конгресте Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев баяндама жасап, инновацияларды дамытуға арналған үкіметтік бағдарламадан бөлек, елорданың өз бағдарламасы бар екенін айтты. «Солардың бірін біз «Даму» қорымен бірлесіп іске асырып келеміз. Сондай-ақ, жер­­гілікті бюджеттің есебінен қар­жы­ландырылатын жобалар бар, стар­тап жобаларға да қолдау жа­­сап отырамыз. Өткен аптада Назарбаев университетімен бірге стартап сессия өткіздік. Жыл со­ңы­на дейін үздік инновациялық ком­панияларға 30 миллион теңге бө­лі­неді», деді Ә.Исекешев. Астана әкімінің сөзіне қарағанда, 30 қараша күні «Астана Smart city» атты халықаралық форум ұйымдастырылады. Сол жерде елордалық алғашқы жобалар жарияланбақ.

Жиында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәу­рен Абаев еліміздің қазіргі инно­­­ва­циялық даму деңгейі жай­ын­­да әңгімеледі. «Бүгінде инно­ва­ция­лық дамудың қарқыны көп жағ­дайда цифрлы желілердің ин­фра­құрылымына байланыс­ты. Ол жағынан Қазақстан біраз же­тіс­тіктерге жетті. Мәселен, ұя­­лы байланыс абоненттерінің са­ны жағынан бесінші орынға кө­терілсек, ғаламторды пайдалану бой­ынша әлем елдері ішінде 61-орынға шықтық. Ал спутниктік бай­­ланыс барлық аумақты қам­ти­ды. Өткен жылы Қазақстан озық ақпараттық технологиялар­ды дамыту бағытында ТМД ел­дерін артқа тастап, 40-орынға кө­те­рілді. «Электронды үкіметті» іл­герілетуде үздік отыздыққа кі­реміз. Алайда, уақыт бір жерде тұрмайды. Сондықтан біздің ми­нистрлік «Цифрлы Қазақстан» атты жаңа бағдарламаны даярлауда. Оның ішінде ел экономикасын «инновациялық рельс­ке» қою мәселесі де бар», деді Д.Абаев. Оның сөзіне қарағанда, жаңа бағдарламада шалғай ауылдарды ғаламтормен қамту ша­­ра­лары да қарастырылған. Бұ­дан бө­лек, бағ­дарлама аясында тың инно­ва­циялық жобалар қол­ға алынады. Бүгінде инно­ва­­циялық экономи­каны дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін, аза­­маттардың өмір сапасын арт­ты­рудың маңызды факторына айна­лған. Осы тұрғыда елімізде «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында ғылыми-техникалық жә­не инновациялық жүйелерді ны­ғайтуға жол салатын іргелі бас­тамалар жүзеге асуда.

Инновациялық конгресс жұ­мы­сы «Маңызды технологиялар­ды дамытудың халықаралық тә­жірибесі» және «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 тұжы­рымдамасы аясында «таза техно­логияларды» дамыту» тақы­ры­бындағы панельдік сессия­мен жә­не кәсіп­кер­лерге арналған ше­берлік сыныбымен жалғасты. Спикерлер арасында Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Израильдің «L.N. Innovative Technologies» көшбасшы биз­нес-инкубаторының негізін қалау­шы Клара Орен, «Japan Technology Group» ком­па­ниясының басшы­сы Митсу Ямомото, Қазақстан­да­ғы «Конрад Аденауэр» қоры өкілдігінің директоры Томас Хельм, USAID климат өз­герісін тоқ­­татуға бағытталған қа­зақ­стан­дық бағдарламаның басшы­сы Алек­сей Санковский бар.

Алқалы басқосу аясында 26 инновациялық жобаның көрме­сі ұйымдастырылды. Олардың ішінде ЭКСПО-2017 халықара­­лық ма­­ман­дандырылған көрмесі­не қа­­­ты­сатын  жобалар да бар. «Мұн­да біз­дің 3D сканерімізді та­ныс­тырудамыз. Осы құрылғы­ның кө­­­мегімен қиын деталдар­дың 3D модельдерін жасап шыға­ра аламыз. Яғни, қолмен өлшеу­ге кел­мейтін қиын дүниелер­дің дәл­ме-дәл сызбаларын жасаймыз. Сосын оның сәйкестігі өте жоға­ры дәл­дікпен өлшенген моделін өндіреміз. Бұл құрылғыны компаниямыз 2010 жылы Германиядан сатып алған.

Ал көрмеге келсек, шара арқылы көптеген компания өздеріне клиент табуға мүмкіндік алды. Біз де бірнеше әріптестерімізбен келісімге келдік», дейді Көліктік машина жасау конструкторлық бюросының бірінші дәрежелі конструкторы Теміржан Ержанұлы.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»