15 жел, 2016 сағат 14:26

Индустрияландыру жобаларында «Самұрық-Қазына» шамамен 30 мың жұмыс орнын ашады

Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі аясында 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға жоспарлап отыр. Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Қор басшысының айтуынша, «Самұрық-Қазына» жаңа бесжылдық шеңберінде қара және түсті металлургия, мұнай-газ-химия және агрохимия тәрізді басым салаларда индустрияландыру бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысады.

«Қазірдің өзінде бірқатар нысандарда құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, әрі 2000-ға жуық жұмыс орыны да ашылды. Құрылыс кезінде барлығы 25 мыңнан астам және пайдалану кезінде 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады», - деп мәлімдеді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар, қор жобаларды қаржыландыру тәсілдерін өзгерткендігін де атап өтті. Егер бірінші бесжылдық жоспарын жүзеге асыру кезеңінде мемлекеттік қаражат пайдаланылған болса, бағдарламаның жаңа кезеңінде сыртқы инвестиция белсенді тартылуда. Олардың қатарында халықаралық қаржылық институттар мен банктер, сондай-ақ, стратегиялық инвесторлар да бар. Трансұлттық корпорацияларға ерекше көңіл аударылды.

«Елбасы трансұлттық корпорацияларды тарту бойынша жұмысты белсендірек жүргізуді тапсырды, біз оны толықтай қолдаймыз, өйткені бұл компаниялар тікелей инвестициялар әкеледі, компанияларды басқарудың үздік тәжірибесіне ие және қазіргі заманға сай технологиялары бар, әрі шетелдік нарықтарға шығуға да мүмкіндік береді»,- деп айырықша атап өтті Өмірзақ Шөкеев.

Бірінші бесжылдық шеңберінде «Самұрық-Қазына» Қорының жобалары ашылған жұмыс орындарының құны мен саны бойынша, жалпы алғанда, шамамен бағдарламалардың 40% құрады. 1200 километрден астам темір жол салынды, жүк вагондары мен электровоздар құрау бойынша өндірістік қуат енгізілді, аффинаж зауыты салынды және жол битумы өндірісі ұйымдастырылды.

Ұлт порталы