05 қаз, 2016 сағат 11:21

Иманғали Тасмағамбетовтің "нестандартный" стандарты

Жиырма бірінші ғасыр жаңа басталған болатын. Біз Жапон елінде жүрміз.

Құрлықтан алыс, толқыған мұхиттың үстінде, бірнеше аралда тірлік кешетін жапондарды, өмір бойы бір сұрақ мазалап келеді. Біз кімбіз, қайдан келдік? Олар өздерінің қанын, днксын корейлермен, қытайлармен, тіпті, алыстағы вьетнам мен малайлықтармен де салыстырып көрді. Бәрібір көңілдегідей болмады. Біраз этнографтардың айтуынша, жапондар Алтай тауынан тараған жұрттың жұрнағы. Өйткені, жапон отбасында дүниеге келген әрбір нәрестенің құйымшағында көк таңба болады. Әлем ғалымдары бұл таңбаны моңғол таңбасы деп атайды. Бұл таңба басқа нәсілдерде кездеспейді. Тек Алтайдан тараған – түркі баласы мен жапондарда. Әрине, алыстағы Алтай тауынан шыққанбыз деген ұстаныммен келіспейтін этнографтар да көп еді Жапонияда ол кезде. Сондықтан, бұл нұсқа, бұл тұжырым, ол кезде ресми дүниеге айнала қоймаған. Имекең тура осыны жапондардың жүрегіне жақындаудың жолы етіп алыпты. Қандай жапон ұлымен сөйлесе қалса, «ана», «әке», «нан», «су», «жер», «аспан» деген қарапайым сөздердің аудармасын сұрап бастайды. Оны түркі тілімен салыстырады. Түбірін қосады. Әйтеуір бір жақындық табуға тырысады. Табады да. Соны келіссөздер үстінде қолданып кеп жібереді. Қазақстанға инвестиция салу жөнінде әлем деңгейіндегі бір өте үлкен банк өкілдерімен болған кездесуге қатыстым сол сапар барысында. Бұл – келіссөз жүргізу деген - өнердің ең үлкені ме деп қалдым ғой сонда. Өзгеге ұтқыздырмай, өзің де ұтпай, тең атаның баласы құсап - теңдей сөйлесіп отырып, сұрағаныңды алу – мықтылық екенін сөзсіз мойындайсың.
Иманғали Тасмағамбетов, Жапония

Кешкі аста отырмыз. Жарты шеңбер құраған кең стол. Бір жағында – жапондар, екінші жағында – қазақтар. Жиырмаға жуық адамбыз. Бір уақытта Имекең қасындағы жапон өкіліне:
-Даяшылар мен аспаздарды сыртқа шығарып жіберіңіз,- дегені. Олар түкке түсінбеген қалпы есіктен шығып кетті. 
-Ал, енді, қазақтар мен жапондар мидай араласып отырыңдар, - деді Имекең тағы да. Не істейін деп отырғанын түсінбей біз сапырылысып жүрміз. Опай-топай Имекең нұсқаған жерге барып отырдық. Даяшылар мен аспаздарды қайтадан ішке шақырды. Олар бес-алты адам, не болғанын ұқпай бақырайып қарап тұр.

-Енді, осы жиырма адамның ішінде жапон мен қазағын бөліп тауып беріңдер,- деді Имекең. Неге олай деп отырғанын енді түсіндік. Жапондардың түр-түсі корейлер мен қытайларға қарағанда, қазаққа өте қатты ұқсайды екен. Кез-келген жапон баласын қазақ екен деп қазақша сөйлеп кеткеніңді білмей қаласың. Имекең, бәрімізге, қазақ пен жапонның туыстығын қарапайым түрде дәлелдемек болып отыр. Басталды сынақ. Қоян құсап бақырайып отырмыз. Жапонның гүлдей майысқан әдемі қыздары әрқайсымызға үңіле қарап, қай ұлттың баласы екенімізді ажыратып әлек. Әрқайсымызды көрсетіп кәдімгідей ақылдасып қояды. Күлуге, сөйлеуге болмайды. Демімізді ішке тартып, мұрнымыз пысылдап, сұлулар байқауына түскендей терлеп-тепшіп біз отырмыз. Бітті-ау бір уақытта. Нәтижесін жария етті. Жиырманың төртеуі қазақ, қалғаны жапон болып кетті. Неге төрт қазақ десеңіз, оларда мұрт бар екен. Жапондарда мұрт қою дәстүрі өте сирек. Сөйтіп, қазақ пен жапонның Имекеңше туыстық нұсқасы – дәлелденді. Ары қарай, күлкіге көміліп отырып, тамақтануға кірістік. Бар әңгімеміз – жапон мен қазақтың туыстығы туралы ғана.