10 нау, 2021 сағат 14:34

Илон Масктың дәулеті бір тәулікте 25 млрд долларға артты

Америкалық кәсіпкер, Tesla және SpaceX компанияларының негізін қалаған Илон Масктың дәулеті өткен тәулікте 25,1 млрд долларға артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұған 10 наурыздағы Bloomberg Billionaires Index (BBI) деректері дәлел, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі уақытта оның капиталы 174 млрд долларды құрайды. Ол рейтингіде көш бастаған Amazon негізін қалаушысы Джефф Безостан кейін қалды. Ал оның байлығын Bloomberg агенттігі 180 млрд долларға бағалап отыр. 

Өз кезегінде Forbes Real-Time Billionaires журналы рейтингінің мәліметіне сәйкес, Маск өз дәулетін өткен тәулікте 22,6 млрд доллардан 166,2 млрд долларға дейін ұлғайтты. Осылайша, тізімде капиталы 179,9 млрд доллар болатын Безостан кейін екінші орында тұр. 

26 ақпанда Илон Маск бір тәулікте 14 млрд АҚШ долларын жоғалтқан болатын. Сауда-саттық барысында Tesla компаниясының акциялары 8,6%-ға төмендеді.

Маск ғаламшардағы ең бай адамдар тізіміндегі көшбасшылығынан айырылды. Көшбасшылық Amazon-ның негізін қалаушыға ауысты.