04 қар, 2021 сағат 11:16

Ілеспе газды ысырап ету 8 есе азайды – Мағзұм Мырзағалиев


«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің пәрменімен елімізде мұнай өндіру кезінде ілеспе газды ауада жағу мөлшері кейінгі 15 жылда 8 есе азайды. Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев осындай мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және Париж келісімі шеңберінде алынған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету міндетін қойды. 

Бұл міндеттемелер 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15 пайыз қысқартуды талап етеді. 

Бұдан басқа, Президент өз Жолдауында 10 ластанған қаланы газдандыру және баламалы энергия көздеріне көшіруді тапсырған болатын»,- деді ведомство басшысы. 

Оның айтуына қарағанда, министрлік осы тапсырмаларды орындау үшін алауларда газды жағуға тыйым салу, жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын газға көшіру, көмір станцияларында ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту сияқты кешенді шаралар қабылдап жатыр. 

«Экологиялық жағдайды жақсарту үшін Энергетика министрлігі заңнама базасын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің бабымен ілеспе және табиғи газдарды алауларда жағуға тыйым салынып отыр. 

Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың шикі газды өңдеуді дамыту бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі міндеті заңнамалық түрде белгіленген. 

Соның нәтижесінде алауларда жағылатын газ көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 8 есе азайды. 2006 жылы бұл көрсеткіш 3,1 млрд текше метр болса, 2020 жылы 390 млн текше метр болды», - деді Мағзұм Мырзағалиев.