28 мам, 2025 сағат 16:00

ІІМ: Трансұлттық есірткі тобының қызметі тоқтатылды, 100 келіден астам мефедрон тәркіленді

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі трансұлттық есірткі қылмыстық тобының заңсыз қызметін әшкерелеп, оның әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері Астана қаласында арнайы операция жүргізіп, синтетикалық есірткілерді заңсыз таратуға қатысқан трансұлттық қылмыстық топты анықтады. Операция нәтижесінде шетелдік азаматтар ұсталып, олардан 100 келіден астам синтетикалық зат – мефедрон тәркіленді.

ІІМ мәліметінше, тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны шамамен 6 миллион АҚШ долларына тең және ол шамамен 300 мың бір реттік дозаны құрайды.

"Қазіргі таңда барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша жұмыстар жалғасуда," – деп мәлімдеді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.