10 қаз, 2019 сағат 13:50

ІІМ Тазабектің "полицейлерге уағыз жүргізу" фактісін тексеріп жатыр

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди министрлік "Асыл арна" телеарнасының директоры, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің "полицейлерге уағыз жүргізу" фактісін тексеріп жатыр деп хабарлады.

Бұған дейін интернетте Тазабектің полицейлерге үлкен залда лекция оқып жатқаны туралы видео тарап, қоғамда қызу талқыланған. Видеода Тазабек "қоғам тыныштығы" жайлы сөз қозғап, полицейлердің заң бұзғандарды қатаң жазалауы сияқты шетел тәжірибесінен мысал да келтіреді.

"Әрбір мемлекеттік органның ақпараттық жұмыс жүргізу жоспары болады. Олар сұхбат өткізуге лайықты деп тапқан қоғам қайраткерлерлерін шақырады. Ал нақты жағдайда қазір біз бұл кездесудің маңыздылығын, мазмұнын, форматын тексеріп жатырмыз. Баға бергеннен кейін шешім қабылдаймыз. Тексеру аяқталмайынша, түсініктеме бермеймін" деді Калайчиди бейсенбі күні сенат отырысынан кейін журналистерге.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған видеодан кейін кейбір сарапшылар “дін саясатқа араласып отыр” деген қауіп айтқан. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары Тазабек "ел тыныштығын ойлап отыр" деп қолдаса, кейбірі "дінді саясат пен жағымпаздыққа араластыруға болмайды" деп айыптаған.

Ал Мұхамеджан Тазабектің өзі Facebook-тағы парақшасында "лекция мазмұны бұрмаланғанын" айтып, мұны "кезекті жала" деп атады. Бұл даудан кейін де Қазақстанның кейбір мектептерінде "Тазабек лекциялары" өтетіні туралы хабарламалар тарады.