23 мам, 2024 сағат 18:10

ІІМ: "Қазақстан Орталық Азиядағы есірткі өндірісінің эпицентріне айналды"

Коллаж:gov.kz

Соңғы 4 жылда синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы 10 еседен асты. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата отырысында Ішкі Істер  Министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев  мәлімдеді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


Марат Қожаев "соңғы жылдары Қазақстан Орталық Азиядағы есірткі өндірісінің эпицентріне айналды" деп алаңдаушылық білдірді.

"Есірткіге қатаң жаза қолданылатынына қарамастан, біздің " синтетика " Қырғызстан мен Өзбекстанның "нарқын " белсенді түрде толтырып жатыр. Мұндағы басты мәселе - рұқсат етілген химиялық заттар мен жабдықтарды пайдалану болып отыр. Олардың негізгілері арнайы бақылауға жататын прекурсорлар мен тауарлар тізбесіне енгізілген. Оларға "бромкетон-4" заты, сондай-ақ әртүрлі реакторлар, конденсаторлар және буландырғыштар жатады. Алайда олардың заңсыз айналымы үшін нақты жауапкершілік жоқ. Тек прекурсорлардың контрабандасы (ҚК 286-бабы) және есірткі зертханаларына арналған жабдықтарды өткізу (ҚК 301-бабы) қылмыстық жазаланады", -дейді Марат Қожаев.


Осыған байланысты, министрдің бірінші орынбасары бүгін қаралып жатқан заң жобасында прекурсорлар мен аталған жабдықтардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейту және дәріханаларда есірткі деп танылған препораттарды сатуға қатысты шектеулер көзделгенін айтады.