27 сәу, 2020 сағат 14:51

ІІМ: «Коронавирус геноциді» туралы жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды

Екібастұзда әлеуметтік желіге коронавирус індеті жайлы жалған мәлімет таратқан 53 жастағы әйел әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«YouTube видеохостингінде автордың Екібастұзда «геноцид» жүріп жатқаны туралы айтқан сөзі жарияланды. Автор дәрігерлердің коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны туралы статистиканы өтірік түзетінін айтқан. Тұрғындар осы ақпаратты бір-біріне белсенді түрде тарата бастады. Алайда бұл ақпарат шындыққа сай келмейді», - деп хабарлайды ІІМ-нен. 

 

Құқық қорғаушылар видеоны зерттей келе 53 жастағы Екібастұз қаласының тұрғынын ұстапты. ҚР ӘҚБжК-ның 478-бабы (Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс сотта қаралады.

«Артынша аталған азамат бұрын айтқан мәліметтерін жоққа шығарып, қайтадан видео жариялады. Осыған дейін жалған ақпарат тарату фактісі бойынша 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.