24 шіл, 2018 сағат 11:26

ІІМ Қасымовтың отставкаға кетуі жайлы сұраққа жауап берді

ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов ведомство басшысы Қалмұханбет Қасымовтың Денис Теннің өліміне қатысты істі тергеу туралы баспасөз мәслихатына неге қатыспағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Министрдің отставкаға кету мәселесі ішкі істер министрлігінің құзыретінде емес. Сондықтан бұл сұраққа толық жауап бере алмаймын. Ал министр неге баспасөз мәслихатына қатыспады дегенге қатысты айтар болсам, ол қызметтік іссапарда жүр. Іссапардан оралғаннан кейін сіздермен, жұртшылықпен кездесіп, сұрақтарыңызға жауап береді деп ойлаймын", — деді Жақыпов.

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан күдіктілер Денис Тенге пышақ сұғып алады.

Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы оның өмірі үшін күрескенмен, ажалдан арашалап қала алмады. Денис Тен 17:30-да ауруханада жан тапсырды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне істің жіті және объективті тергелуін қамтамасыз етуді тапсырды.

20 шілде күні таңертең мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясов ұсталды. Ол Жамбыл облысының тумасы, 24 жаста. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов ұсталды.

Ал бүгін Денис Теннің өліміне қатысты тың деректер шықты. Алматы ІІД ақпаратынша, оқиғаны көзбен көрген адамдар табылған. Бетпе-бет кездесу барысында Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ сұққанын мойындады. Бұған дейін Арман Құдайбергенов пышақ жарақатын салғанын айтқан еді. Екі күдікті де бұрын заңды бұзған.