04 там, 2016 сағат 08:52

Грантқа үмiттi түлектердiң 80%-ға жуығы қазақ мектебiн бiтiрген

Биылғы жылы бiлiм гранттарын тағайындау конкурсына 59 677 түлек қатысып жатыр. Бiлiм гранттарын орналастыру мүмкiндiгiне биыл 87 жоғары оқу орны ие болды. Бұл туралы бүгiн білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Бұл туралы strategy2050.kz жазды. 

«Биыл мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының стратегиялық басымдықтарына негiзделдi. 12 593 грант техникалық және технологиялық, 5 мыңға жуық грант педагогикалық, 2 690 грант ауыл шаруашылығы және ветеринарлық, 3 мың грант медициналық мамандықтарға бөлiндi», - деді  Е.Сағадиев.

Аталған басымдылықтарды есептей отырып, 12 мың грант техникалық және технологиялық мамандықтарға, 5 мыңы – педагогикалық, 2690 грант ауыл шаруашылық және ветеринарлық мамандыққа, 3 мың грант медициналық салаға бөлінді.

Айта кетерлігі, бiлiм гранттарын орналастыру мүмкiндiгiне биыл 87 жоғары оқу орны ие болды. Былтыр олардың саны 64 болатын. Бұл оқу орындарының тiзiмi конкурстық негiзде анықталды

Е.Сағадиев айтып өткендей, биыл елiмiзде ұлттық бiрыңғай тестiлеуге 84 041 оқушы қатысып, 69 789 адам сынақты сәттi тапсырған. Орташа балл - 81,2.  Ал 74 881 адам кешендi тестiлеуден өтiп, олардың 27 743-i шектi бал жинады. Орташа балл – 39,9.Осылайша, ұлттық бiрыңғай тестiлеу мен кешендi тестiлеу қорытындысы бойынша 97 532 адам жоғары оқу орындарына түсу құқығына ие болды. Бiлiм гранттарын тағайындау конкурсына 59 677 адам қатысып жатыр. Оның iшiнде 47 342 адам (80 пайызға жуық) қазақ тiлiнде, 12 335 адам орыс тiлiнде оқуға ниет танытты. 

"Ұлт ақпарат"