Қазақстан мен Қырғыз Республикасы шекарасындағы қырғыз тарапының кедендегі кемшіліктерді ретке келтіру бойынша ұсынысқа әлі де ресми түрде жауап келіп түскен жоқ. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Өткен жылдары да қырғыз тарапымен бірнеше рет талқыланған. Еуразиялық экономикалық комиссияға ерекше тапсырма беріліп, олардың баяндауы бойынша қырғыз тарапының кеден саласына қатысты кемшіліктері мен бұзушылықтары дәлелденген. Ол анық. Демек,бұл Қазақстанның өздігінен шығарып алған шешімі емес. Ендігі кезекте мұны шешудің қандай жолы бар? Ол - Қырғыз Республикасының кеден қызметімен бірлесежұмыс атқару», - дейді комитет төрағасының орынбасары.
Ғосман Әмриннің айтуына қарағанда Қазақстан тарапынан Қырғыз Республикасына бірнеше ұсыныс жолданған.
«Өткен жылы өз басым Үкіметтің тапсырмасымен Қырғызстанға барып, бауырлас халық болғасын нақты қандай мәселе барын айтқан едік. Екіншіден, осы жылы қайтадан бұл мәселені көтеріп отырмыз. Жағдай өзгерген жоқ. Бәрін де кедендік ережелер мен талаптарды жіпке тізгендей айтып, көріп отырмыз десек те, нәтиже оң болған жоқ. Жалпы олар (қырғыз тарапы - авт.) «Иә, қарайық, жұмысты күшейтейік. Контрабандаға жол бермейік» деп айтқан. Оған бәрі келіседі. Ендігі кезекте де жұмыс бойынша келісіп, бірге бәрін реттейік деп отырмыз. Яғни жауап күтіп отырмыз», - дейді ол.
Оның айтуынша, аталған мәселені шешудің үш жолы бар. «Біріншіден, екі жаққа да тауардың құны бірдей болуы керек. Салықтарымыз бірдей болуы тиіс. Кеденде олар тауарды 1, біз 10 доллармен алсақ, олай болмайды. Екіншіден, ертең сөз болмасын, басқаша көзқараспен қарап отыр деген түсінікті таратпауын, яғни кеден бойынша барлық тарапқа бірдей қарап отырғанымызды білдірдік. Бүгінге дейін ұсынысымыз жалғыз - кеденде бірлесе жұмыс атқару. Үшіншіден, бір-бірімізге қандай тауарлар, қашан келді, салыстыру үшін қандай бағамен келді деген сыңайда ақпарат алмасып отырайық деген ұсынысты жолдадық. Тағы да айтарым, бауырлас ел болғандықтан, бұл мәселені бірлесе шешуге тырысуымыз керек. Келіспейтін болса, біз бақылау жұмысын күшейте береміз», - дейді Ғосман Әмрин.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасарының сөзіне сүйенсек, контрабанда мәселесі бәріне белгілі болып отыр.
«Қырғыз депутаттары өз елдерінде бұл мәселені көтерген. Бүгін пайда болған дүние емес. Бәріміз де қандай жағдай болғанын білеміз. Қырғыз тарапы келісеміз деп отыр. Бірақ, ресми түрде жауап әлі келіп түскен жоқ», - деп түйді Ғосман Әмрин.