16 сәу, 2021 сағат 13:16

Гонконгте наразылыққа қатысты айыпталған жеті оппозиция белсендісіне сот үкімі оқылады

Гонконг соты 16 сәуірде құқық қорғаушы Мартин Ли, медиамагнат Джимми Лай және тағы бес оппозиция белсендісіне сот үкімін шығарады. Оларға 2019 жылы Пекин ықпалына қарсы митингіні ұйымдастырды және қатысты деген айып тағылып отыр. 

82 жастағы бұрынғы депутат, Демократиялық партияның негізін қалаушы Мартин Ли жұма күні сот отырысы басталмай тұрып, үкімді тыңдауға дайын екенін жеткізді. Сот үкімі оқылмай тұрып жеті айыпталушы жазаны жеңілдету туралы өтініш береді деген де болжам бар. Олар бес жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. 

Гонконгте 2019 жылы маусым айында наразылық басталған. Оған жергілікті биліктің айыпталушыларды Қытайға экстрадициялауға мүмкіндік беретін заң қабылдауы түрткі болған. Оппозиция сол кезде Пекин бұл заңды диссиденттерді қудалау үшін пайдалануы мүмкін деп мәлімдеген. Наразылық акциясында полициямен қақтығыс болды, белсенділер ұсталды. 

Құқық қорғаушылар содан бері демократиялық қозғалыстарға қысым үдегенін айтады. 

Қытай билігі 2020 жылы 30 маусымда Гонконгтің ұлттық қауіпсіздігі туралы заң қабылдаған. Қауіпсіздік туралы заңға сәйкес, Пекин сатқындық, сепаратизм немесе терроризм деп тапқан кез келген әрекетті жасаған адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл заң Гонконгтің өзі ішінде және Батыс елдері тарапынан қатаң сынға ұшыраған. Олар заң Гонконгте саяси қуғынды күшейтеді, тұрғындардың бостандығын шектейді деп санайды.