Гонконгтағы ереуіл кезінде ҚР Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның екі азаматы жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Көмек сұрап хабарласқан бірінші азамат шеру болған көшелер арқылы әуежайға жеткізуді сұрады. Біз оған көмек көрсеттік. Екінші азамат телефон арқылы хабарласып, Эйр Астана әуе компаниясының «Алматы - Гонконг» рейсі туралы ақпарат сұрады», - деді А. Смадияров ҚР СІМ өткен брифингте.
Оның айтуынша, әзірге барлық рейс қалпына келтірілген және кестеге сәйкес ұшырылуда. Қазақстандықтар еш кедергіге ұшырап жатқан жоқ.
Бұған дейін де Гонконгтағы (ҚХР) жағдайдың шиеленісуіне және жаппай наразылық акцияларының жалғасуына байланысты Қазақстанның Гонконгтағы Бас консулдығы біздің азаматтарға қалада қалыптасқан төтенше жағдайды ескерткен еді.
Ондағы наразылық маусым айының басында көтерілді. Ереуілге шыққандар Гонконгтағы құқық бүзушыларды құрлықтық Қытайға экстрадациялау туралы заң жобасына қарсы.