«Қазконтент» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Константин Горожанкиннің Facebook әлеуметтік желісінде жазған пікірі қоғамның ашуын туғызды. Ол өз жазбасында педофилдік – оңтүстік халқының генінде бар қасиет екенін меңзегендей. Бұл туралы sn.kz хабарлады.
Түсінікті болу үшін айта кетейік, Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы зорланды деген 7 жасар баланың ісіне қатысты үш жеткіншектің жауапкершіліктен босағаны айтылғаннан кейін, әлеуметтік желі қолданушылары кінәлілерді іздей бастаған. Яғни, балалардың мұндай азғындыққа баруына не себеп болғанын жұрттар жарыса жазып жатты. Ал, @Kondrat Arcanov есімді желі қолданушысы: «жемқорлық пен рушылдықтың өршуі түсінікті, бірақ ол жақтағы жастардың арасында гомосексуализмнің осыншама өршуіне не себеп?» деген сауал тастаған болатын. Оның сауалына «Қазконтент» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Константин Горожанкин жауап берген.
«Бұл генге байланысты. 19 ғасырда Қазақстанда болған саяхатшылардың жазбаларында жергілікті тұрғындардың малмен жыныстық қатынасқа түсетіні және гомосексуалдық қатынастары туралы көп айтылған», – дейді Горожанкин.
Оның осынау пікірі желі қолданушыларының ашуын туғызды. Әсіресе оңтүстікқазақстандықтар Горожанкиннің үстінен құқық қорғау органдарына арыз жазамыз деп бекініп отыр. Оны ұлтаралық жанжал туғызды деп айыптауда.
«Константин Горожанкиннің пікірі оның жеке көзқарасы, бұл – Qazcontent компаниясының ұстанымын білдірмейді. Қазіргі уақытта бүкіл мән-жай анықталуда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сай әрекет жасайтын боламыз», – деп жазды «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов Facebook-парақшасында.