24 мам, 2022 сағат 22:25

Головкин - "Канело" трилогиясының өтетін күні белгілі болды


Екінші орта салмақта әлемнің абсолют чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) қыркүйек айында қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-1-1, 37 КО) кездесетін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Vesti.kz сайтына сілтеме жасап. 

Трилогия 17 қыркүйек күні өтеді. Боксшылар екінші орта салмақта жұдырықтаспақ. Бұл айқаста мексикалық өзіне тиесілі барлық белбеуін қорғайды. 

"It’s official!  See you on September 17. Надеюсь, увидимся 17 сентября. Ресми. 17 қыркүйекте кездескенше", - деп жазды Головкин әлеуметтік желісінде. 

Боксшылардың осыған дейінгі кездесулері орта салмақта өткен еді. 2017 жылғы жекпе-жек тең аяқталса, бір жылдан кейін төрешілер мексикалықтың жеңісін тіркеді. 

Еске салайық, "Канело" 8 мамыр күні жартылай ауыр салмақта WBA белбеуінің иегері ресейлік Дмитрий Биволдан (20-0, 11 КО) жеңіліп қалды. 

Ал Головкин болса Риото Муратаны (16-3, 13 КО) жеңіп, жапониялықтың WBA Super белбеуін иеленді.