24 шіл, 2018 сағат 14:52

Головкин Денис Тенмен қоштасу рәсімінде неге сөз сөйлемеді?

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің командасы промоутер Том Леффлердің жаттығуды тоқтату туралы айтқан сөзіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Мұның алдында Леффлер жаттығу лагерін тоқтата тұру себебі ретінде Головкиннің командаласы қатысатын бокс кешіне қатысумен ғана түсіндірген еді.

GGG-дің Қазақстаннан АҚШ-қа рейсі Мәскеуде аялдады. Спортшы осы жағдайды пайдаланып, Бүкіләлемдік бокс суперсериясы (WBSS) финалындағы Александр Усикпен жекпе-жекке шыққан Мурат Гассиевті қолдауға барған. Головкин дүйсенбіден бастап Big Bear лагеріндегі жаттығуларына кірісіп кетті.

"Геннадий Денис Теннің қазасын ести сала алғашқы рейспен Лос-Анджелестен Алматыға ұшып кетті. Ол сенбі таңғысын ұшақтан түсіп, Дениспен қоштасып, ата-анасын қолдау үшін сол үйге барды.

Осы уақыт бойы солардың қасында болды, басқа ешкіммен тілдескен жоқ. Көпшілік "қоштасу кезінде неге сөз алмады?" деп сұраған болатын. Ол көпшілік алдында сөз сөйлеуге емес, Денистің ата-анасын қолдауға келген. Осындай маңызды жекпе-жек алдында жаттығуын да сол үшін ғана үзді. Ол Денисті адам ретінде және спортшы ретінде де қатты сыйлайтын. Бұл расымен барлығымыз үшін ауыр қаза", - дейді Головкиннің өкілі Жанар Өтешова.

Осыған дейін кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-0-1, 33 КО) жаттығуын үзуге тура келуіне байланысты өз командасымен бірге Лос-Анджелеске қайтып оралғаны хабарланған еді.

21 шілдеде Головкин қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу үшін Алматыға келді. 

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан күдіктілер Денис Тенге пышақ сұғып алады.

Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы оның өмірі үшін күрескенмен, ажалдан арашалап қала алмады. Денис Тен 17:30-да ауруханада жан тапсырды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне істің жіті және объективті тергелуін қамтамасыз етуді тапсырды.

20 шілде күні таңертең мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясов ұсталды. Ол Жамбыл облысының тумасы, 24 жаста. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов ұсталды.

Ал бүгін Денис Теннің өліміне қатысты тың деректер шықты. Алматы ІІД ақпаратынша, оқиғаны көзбен көрген адамдар табылған. Бетпе-бет кездесу барысында Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ сұққанын мойындады. Бұған дейін Арман Құдайбергенов пышақ жарақатын салғанын айтқан еді. Екі күдікті де бұрын заңды бұзған.