30 мау, 2023 сағат 19:56

Гладиаторлар сияқты: Маск пен Цукерберг Колизейде күш сынасуы мүмкін

Фото: Getty Composite

Италия үкіметі Рим Колизейінде Илон Маскке қарсы UFC жекпе-жегін ұйымдастыру үшін Марк Цукербергпен байланысқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі TMZ Sports басылымына сілтеме жасап.

Италия Мәдениет министрі Колизейде әлем тарихындағы ең үлкен айқасты ұйымдастыру ісіне қатысты бірнеше күн бұрын Цукербергке хабарласқан. Ал Цукерберг командасы UFC президенті Дана Уайтқа хабарлама жіберді. 

Әлемнің 7 кереметінің бірі саналатын орынға келер болсақ, 2000 жылдық тарихы бар амфитеатрда жүздеген жыл бойы үлкен іс-шара өтпеген. 2003 жылы Сэр Пол Маккартни Колизейде 400 көрерменге арнап эксклюзивті қайырымдылық шоуын өткізген болатын. Ол кезде көрерменнің әрқайсысы 1 500 доллардан төлеген еді. Ал қалған концерттер ғимараттың сыртында өткен.

Әзірге Маск пен Цукерберг айқасы нақты қайда өтетіні (Колизей ішінде немесе сыртында) белгісіз.

Сондай-ақ жекпе-жек өтуі үшін қарсыластардың салмағы мен бойындағы айырмашылық ең үлкен кедергі болып отыр. Өйткені Маск Цукербергтен әлдеқайда ірі және ұзын. Дегенмен алдағы уақытта ереже өзгеруі мүмкін.