25 нау, 2021 сағат 13:10

Германия Еуроодақты ресейлік "Спутник V" вакцинасын сатып алуға асықтырып жатыр

Германия Еурокомиссияны коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын сатып алуға асықтырып жатыр. Бұл туралы Берлиндегі пресс брифингте сөйлеген билік өкілінің сөзіне сүйенген Politico сайты хабарлады.

"Біз Еурокомиссиядан "Спутник V" вакцинасын сатып алу процедурасын тезірек бастауды өтіндік" деді шенеунік. Германия билігі келіссөздің ресми түрде басталмағанын да айтқан. Бұл мәселе осы аптада басталатын Еурокеңес саммитінде де талқылануы мүмкін.

"Спутник V" вакцинасын тезірек мақұлдау қажеттігі туралы Германия бұған дейін де айтқан. Берлин мэрі Майкл Мюллер Германияға келген әрбір вакцина маңызды деп мәлімдеген.

4 наурызда Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі ресейлік "Спутник V" вакцинасын одақ аумағында пайдалану үшін сараптамадан өткізе бастаған.

Осы аптада ЕО-ның ішкі нарық мәселелері жөніндегі комиссия жетекшісі Тьерри Бретон Еуроодаққа "Спутник V" вакцинасы қажет емес деп айтқан. Оның сөзінше, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін Еуроодаққа мақұлданған 4 вакцинаның өзі жеткілікті.

Кейінгі кезде Еуроодақ "вакциналау процесін баяу жүргізгені үшін" жиі сыналып жүр. Қазір одақ аумағында Польша мен Болгарияда коронавирус бойынша антирекордтар тіркеліп жатыр. Германия, Франция, Чехия қатаң локдаун мерзімін ұзартқан.