Алаяқтық жасады деп айыпталып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған Гауһар Әлімбекованың адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Адвокат сот үкімімен келіспейтінін және апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеді.
Оның мәліметінше, іс 2013 жылы болған. Феруза Ордабаева Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінен пәтер алып беремен деп 35 адамды алдап соққан. "Әкімдіктенмін" деген әйелге алданғандар ішінде Әлімбекова да бар.
Ордабаева әншінің концерттеріне барып, жақын танысқан. Гауһар Әлімбекова алаяқтың сөзіне сеніп, үш туысына 40 мың долларлық үш пәтер алып беріпті.
Бір жыл өткен соң әншінің үйіне келген құрбысы пәтерге қызығып, Ордабаевамен танысады. Ол да алаяқтың қолына 40 мың доллар ұстатып, баспаналы болған.
Тіпті әнші мен арызданушы Назарова (құрбысы -ред) бір подъезде тұрған. Ал кейіннен бұл үй келісімшартпен бөліп төлеуге сатылатын 37 млн теңгенің үйі болып шыққан.
Адвокаттың айтуынша, 40 мың долларды алған алаяқ тек пәтердің бастапқы жарнасын төлеген. Арада екі жыл өткенде үйді салған компания бұларды қуып шығады. Пәтер алушылар ай сайын 250 мың теңге төлеу керектігін келісімшарттан оқымаған. Осылайша Гауһар мен құрбысы Назарова және 35 адам далада қалыпты.
Артынша зардап шеккендер әйелді іздеп, сотқа арызданған. Ал Әлімбекованың қолы босамай, арыз жазбапты.
"Бұл істе әншінің өзі зардап шекті. Ол үш бірдей үйдің ақшасынан айырылып отыр. 2016 жылы істің басты фигуранты Феруза Ордабаева 7 жылға сотталған", - дейді адвокат.
2017 жылдың соңына дейін ақшасын күткен Б.Назарова шыдамы таусылып, Гауһардың үстінен арыз түсіріпті.
Адвокаттың ойынша, айыптау актісі қате шығарылған. Әншінің кінәсі мен пайда көргенін дәлелдейтін бірде-бір құжат болмаған.
"Ол алдағысы келген адамға өзімен көрші үйді алып бере ме? Бұл логикаға жатпайды", - деді адвокат.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың "алаяқтық" үшін 6 жылға сотталғаны белгілі болды.
Отандық әншілер де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.