16 мам, 2025 сағат 13:08

Ғасыр экологиялық жобасы: Аралды сақтап қалудың екінші кезеңі басталды


Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі


Қызылорда облысындағы Көкарал бөгетінде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахбамен кездесті. Кездесуде тараптар Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды министрлік.


Қазіргі уақытта су ресурстары және ирригация министрлігі жобаның екінші кезеңіне қатысты техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстарын аяқтауға жақын. Онда Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу қарастырылған.


"Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Таңдалған нұсқа мерзім мен нақты жағдайларды, соның ішінде Сырдария өзені бассейнінің жағдайын ескере отырып, ең қолайлы шешім ретінде анықталды", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Самех Вахба өз кезегінде дүниежүзілік банк Солтүстік Аралдың сақталуына алдағы уақытта да қатысуға мүдделі екенін жеткізді.


Айта кетейік, халықаралық қаржы ұйымы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге грант бөлген.


"Бүгін біз балық өңдеу зауытын аралап, жобаны жүзеге асырғаннан кейін өңірде қаншама жұмыс орны ашылатынын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм сияқты басқа салаларда да жұмыспен қамту мүмкіндіктері пайда болады. Осылайша бұл жоба бүкіл өңір үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Солтүстік Аралды сақтау жобасы біз үшін өте маңызды, өйткені ол бүкіл әлемге тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің нақты үлгісін көрсетеді, – деді дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахба.


Министрлік әзірлеген техникалық-экономикалық негіздеме бойынша сараптама қорытындысын алу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.


Еске сала кетейік, жобаның бірінші кезеңінің нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 42%-ке артты, теңіз суының тұздылығы шамамен 4 есеге төмендеді, жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ теңіздің құрғаған табанының 870 шаршы шақырымы суға толып, жел арқылы тұздардың таралуы азайды.