12 қаз, 2020 сағат 11:52

Ғалымдар Қызыл оба қорымынан бірнеше құнды жәдігер тапты

Солтүстік Қазақстан облысы «Қызыл оба» қорымындағы биылғы қазба жұмыстарын археолог-ғалымдар жемісті аяқтады. Мавзолей-обадан мол мағлұмат беретін алтын-күміс бұйымдар табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Уәлиханов ауданы Сілеті өзенінің бойындағы «Қызыл обада» зерттеу жұмыстары былтыр басталды. Ғалымдарға ең алдымен оның қандай ескерткіш, қай ғасырға жататындығын анықтау мақсаты тұрды. Биыл қорымда ауқымды жұмыстар атқарылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Павлодар педагогикалық университетінің қызметкерлері, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының қызметкерлері жаз бойы қазба жұмыстарына қатысты.

«ХІV ғасырдың 30-40 жылдарына жататын монументалды мавзолей екенін анықтап отырмыз. Қазба жұмыстары барысында екі ересек адамның және екі баланың төрт моласы шықты. Солардың біреуінен Алтын орда дәуіріне жататын төрт күміс ақша табылды. Танымал ресейлік нумизмат Павел Петров мұндай монеталардың 14 ғасырдың 30 жылдары жасалғанын дәлелдеген. Чеканкасы жақсы сақталған, 1337 жыл көрсетілген. Соған қарап оның сарайда, Өзбек хан тұсында жасалғанын білуге болады. Бұл – Алтын орданың дәуірлеп тұрған кезі», - дейді Павлодар МПУ «Марғұлан орталығының» директоры, археологиялық экспедицияның жетекшісі Тимур Смағұлов. 

СҚО үшін бұл ескерткіштің маңызы зор. Табылған ескерткіш жайында ешқандай жазбаларда көрініс таппаған. Тарихи-археологиялық мәлімет өте аз. 

«Осы ескерткіштің ашылуымен біз сол кездегі жерлеу рәсімімен ғана танысып қоймай, сол дәуірдегі сәулет өнерінен де мағлұмат алып отырмыз. Мұндай құрылысты тек кәсіби сәулетшілер мен құрылысшылар ғана жүргізген. 

Мавзолейдің аумағы 36 шаршы метр, биіктігі 15 метрге дейін жеткен. Кең далада анадайдан менмұндалап, осы жерге көрік берген. Әрине, ғасырлар өте ол құлап, төмпешікке айналды. Археологтардың зерттеу жұмыстары нәтижесінде ашылып отыр. 

Портал, қабырғалары да жақсы сақталған. Бұл бізге болашақта оны қалыпқа келтіруге мүмкіндік бермек. Бүгінде спутниктік технологияны пайдалану арқылы археологиялық қазбаның, ғимараттың 3d моделін жасау мүмкін болды. Қазір біз уақытша бұл жерде жұмыстарды аяқтадық», - дейді Тимур Смағұлов. 

Қазба жұмыстары кезінде төрт монетадан бөлек күнделікті тұрмыста қолданылған бұйымдардың қалдықтары да табылды. Солардың бірі - күміс айна. Оның әдемі бедері сақталып қалған. Мамандардың айтуынша, бұл да жерлеу рәсімінің ерекшелігінен және сол кездің сәнінен хабардар етеді. Бұдан басқа салпыншағы бар алтын сырға да табылды. 

«Алтын сырғадағы моншақ Малайзия әйнегінен жасалған. Ал інжуге ұқсас моншақтар – олар да әйнек, түсіне қарап Сирияда жасалған деген болжам бар, оны әлі зертханада анықтайтын боламыз. Ал монеталарға келер болсақ, мұның бәрі бір моладан шықты. Ондағы жазудан Өзбек ханның тұсында және хан сарайында жасалғанын білуге болады. Мавзолейге қарапайым адамдарды жерлемеген. Мұнда сөзсіз Шыңғысханның ұрпағы жатыр. Оған алтын бұйымның табылуы да дәлел. 

Бүгін айнаны таптық. Оның сырты екі түрлі материалмен қапталған екен. Бірі – Қытай жібегі, екіншісі – мақта мата. Айна - сапасы төмен күмістен немесе мыс пен күмістің қоспасынан құйылған. Әзірге тазалап үлгермедім, соның өзінде оның бетіндегі өрнекті көруге болады. Көшпелі зертхананың мүмкіндігі аз, дегенмен, ол болмаса бұл жәдігерлердің қорытындысын бірнеше апталап күтер едік», - Павлодар МПУ «UMAI» халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Татьяна Крупа. 

«Қызыл оба» қорымында археологиялық қазба жұмыстары келер жылдары жалғасын табады. 

«Біз тек бірінші кезеңді ғана бітірдік. Сілеті өзенінің бойында кем дегенде осындай 6-7 мавзолей жатыр. Оларды ашып, зерттеуіміз қажет. Сондай-ақ отырықшылықтың белгілері – тұрғын үйлердің орындары бар. Өнеркәсіптік құрылыстардың қалдықтары сақталған. Шығыр ыдыстардың қалдықтары шықты. Оны су көтергіш механизмдерге орнатып, алқаптарды суаруға қолданған. 

Табылған жәдігерлердің барлығы бұл жерде мәдениеттің болғанын, басқа шығыс мемлекеттермен экономикалық қарым-қатынас орнатылғанын, сауда-саттықтың, құрылыстың дамығанын көрсетеді. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы жайындағы қалыптасқан көзқарасты өзгертпек, яғни Сілеті өзенінің бойында ғалымдарға белгісіз Алтын Орданың саяси-мәдени орталығы болған», - дейді археолог-ғалым Тимур Смағұлов.