Фото: ашық дереккөз
Желіде соңғы күндері 3I/ATLAS жұлдызаралық нысанына қатысты пікірталас қайта жанданды. Кейбір қолданушылар бұл нысанды “бөгдеғаламшарлықтардың кемесі” деп болжаса, ғалымдардың көбі мұндай тұжырыммен келіспей отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
ATLAS телескоптар жүйесі анықтаған бұл комета төңірегіндегі ажиотаж Гарвард университетінің профессоры, астрофизик Ави Лоубтың сөзінен кейін басталған еді. Ол өз мақалаларында 3I/ATLAS-ты бөтен өркениеттен келген технологиялық артефакт болуы мүмкін деген гипотезаны ұсынған.
“3I/ATLAS өз жарығын өзі шығара ма? Егер ол шын мәнінде технологиялық құрылғы болса, оның ниеті қандай — мейірімді ме, әлде қауіпті ме?” — деп жазған еді Лоуб.
Алайда кейінірек НАСА мамандары бұл пікірді жоққа шығарды. Күн жүйесіндегі шағын денелерді зерттеу тобының жетекші ғалымы Том Статлер The Guardian-ға берген сұхбатында:
“Бұл нысан кәдімгі комета сияқты көрінеді және дәл сондай қозғалады. Бізге белгілі басқа кометалардан еш айырмасы жоқ,” — деді.
Көп ұзамай, Ави Лоубтың өзі де өз көзқарасын өзгертіп, “ең қарапайым түсініктеме — 3I/ATLAS шынында да комета” екенін мойындады. Ғалымның айтуынша, ол тек ғылыми көзқарастарды сынап, жаңа сұрақтар қоюды мақсат еткен.
3I/ATLAS кометасы қазір қайда?
Қараша айында комета Бикеш шоқжұлдызы бойымен қозғалады. Алдағы аптада ол Спика жұлдызы мен Венераның маңынан өтпек. Есеп бойынша, ол Жерге ең жақын қашықтыққа 2025 жылғы 19 желтоқсанда келеді.
НАСА мамандарының мәліметінше, нысан желтоқсанның басында Күннің арғы жағынан шыққан соң, қайтадан жердегі телескоптарға көрінеді.
