Фото: Caravan.kz
Атыраудан Ақтауға бағыт алған ұшақ 2 қараша күні 06:40-та ұшуы тиіс еді. Алайда FlyArystan әуекомпаниясы ауа райының қолайсыздығына байланысты рейсті кешіктіруге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ult.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Әуекомпанияның мәліметінше, жолаушыларға сусындар, ыстық тамақ және қонақүйде орналасу ұсынылған.
«Ақтау — Ыстанбұл қосалқы рейсіне үлгермей қалған барлық жолаушылар толық ақшасын қайтарып ала алады немесе тегін қайта брондау мүмкіндігін пайдалана алады», - делінген хабарламада.
Кешіктірілген KC7277 рейсі 2 қарашада 21:50-де ұшты. Алайда Ақтау әуежайындағы қалың тұман мен көріну деңгейінің минималдан төмен болуына байланысты ұшақты қондыру мүмкін болмады. Ұшақ Атырауға оралу туралы шешім қабылданды.
3 қараша күні таңғы 06:50-де ұшақ екінші рет ұшып шықты, бірақ Ақтаудағы ауа райының қолайсыздығына байланысты тағы да Атырауға қайтып келді.
«Жолаушыларға су мен ыстық тамақ берілді, сонымен қатар сұраныс бойынша қонақүйге орналастыру және тұрғын үй құнын өтеу туралы кепілдік хаттар ұсынылды», - дейді әуекомпания өкілдері.
Рейс 3 қараша, жексенбі күні 17:30-ға жоспарланды.
FlyArystan жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрап, ауа райының ұшу рейстерінің кешігуіне әсер ететін шарасыз жағдай екенін еске салды.