05 мау, 2022 сағат 16:57

Exit-poll қызметі. Шымкенттегі №95 референдум учаскесіндегі жағдай


Шымкентте 311 референдум учаскесінде жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр.

Baq.kz тілшісінің жазуынша, солардың бірі - Ө. Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейі ғимаратында орналасқан №95 референдум учаскесі. Учаске ашылғалы бері мұнда exit-poll қызметтері дауыс берушілер арасында сауалнама жүргізіп жатыр. «Қоғамдық пікір» институтының сұхбатшысы Ақмарал Байбосынованың айтуынша, оның бүгінгі міндеті – референдум учаскесінен шыққан адамдардан exit poll (экзит полл) сауалнама алу екен. Яғни, референдум учаскесінен шыққан сайлаушыларға сұрақтар қояды, олардың жауабын жазып алады.


Ақмарал Байбосынованың сөзінше, сайлаушылардың жауаптары құпия қалады.

Ол интервьюер болу үшін алдын ала дайындықтан өтіпті.

"Экзит-поллдан бұрын институтымыз нұсқаулық өткізді. Бұған қоса жазбаша нұсқаулар берді. Әр өңірде супервайзеріміз, яғни жұмыс істейді. Қандай да бір сұрақ туындай қалса, супервайзерге байланысамыз", – деді Ақмарал Байбосынова. 

Респонденттердің жауабы қатаң құпия екенін қайталаған ол сайлаушыларға толық анонимділікке кепілдік берілетінін айтады. 

"Респонденттердің жауабын жиынтық түрде пайдаланады. Дауыс беруге түрлі санаттағы адамдар келіп, белсенділік танытып жатыр. Жастар да, орта жастағылар да, егде буын да бар. Сауалнаманы бір сайлау учаскесінде жүргіземін. Бірінен екіншісіне ауыспаймыз. Референдум кезінде сауалнама бірнеше бөлік бойынша  жүреді", – деді ол. 


Сұхбатшылар респонденттерге бір сауал қояды. Респонденттерден: «Сіз Конституциялық өзгерістерді қолдадыңыз  ба әлде қарсы дауыс бердіңіз бе?» деп сұраймыз. Қандай жауап береді, соны жазып аламыз. Сайлаушы жауап беруіне де, жауап бермеуіне де болады. Сондай-ақ, респонденттердің жас шамасын, жынысы мен ұлтын да жазып аламыз, – дейді Ақмарал Байбосынова.

Оның айтуынша, бұл exit-poll-ды жүргізуге «31-арна» тапсырыс берген. Сауалнама нәтижесі 6 маусымға қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:00-де телеарна эфирінде жарияланады екен. 


Айта кетейік, №95 референдум учаскесінде барлығы 1836 адам тіркелген. Мұны осы учаскелік  комиссияның хатшысы Ләззат Мырзалиева айтты. 

"Біз Шымкент қаласы, Әл Фараби ауданы, Қазыбек би көшесінде орналасқан референдум учаскесіміз. Бізде 1836 адам тіркелген. Сағат 13:00-ге дейін 850 адамдай дауыс берді. Халықтың құлшынысы жылдан жылға жақсарып келе жатыр.  Келушілердің қатарында жастар да, егде кісілер де бар. Көбі – қызметкерлер. Жалпы сайлау жақсы өтіп жатыр. Келушілердің көңіл-күйі жақсы. Бюллетень алып, Иә/Жоқ деген таңдап, дауысын беріп жатыр. Біздің учаскемізде Тәуке хан даңғылы, Адырбеков, Орынбаев, Қазыбек би, Дулати көшелері, Люксембург және тағы басқа орамдардың бөлігі қарайды", – деді Ләззат Мырзалиева.