08 қыр, 2022 сағат 20:15

Еуропаның бірқатар елі ресейлік туристердің елге кіруіне тыйым салады


Эстония 19 қыркүйектен бастап Шенген визасы бар ресейлік туристерді елге кіргізбейтінін жариялады. Бұл туралы 8 қыркүйекте елдің сыртқы істер министрі Урмас Рейнсалу мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.

Министрдің сөзінше, Эстониядан, я Еуропа одағынан Шенген виза алғандар 19 қыркүйек түнгі 12-ден бастап Эстонияға кірмейді.

"Литва, Латвия және Польша да 19 қыркүйектен бастап осындай шектеу қояды. Шенген визаңыз болса да, Эстонияға келмеңіздер, мұнда сіздерді ешкім күтіп тұрған жоқ" деді Рейнсалу Таллиндегі баспасөз мәслихатында.

Шектеу тек туристік виза алғандарға қойылады, ал Еуропа одағына отбасылық және гуманитарлық себеппен кіретіндерге шектеу жоқ.

Бұған дейін Балтық елдері шекарадан өтетін ресейлік туристер "елге қауіп төндіреді" деп мәлімдеген еді.

Ресей Украинаға басып кірген тұста Еуропа одағындағы елдер Еуропалық комиссиядан ресейлік туристерді Шенген аймағына кіргізуге тыйым салуды сұраған. 1 қыркүйекте Прагада өткен ЕО елдерінің жиынында министрлер ресейліктерді Еуропаға кіргізуге тыйым салуға келісе алмады. Бұған Батыс Еуропа елдері, соның ішінде Германия, Грекия, Кипр, Португалия және Франция қарсы шықты. Оның орнына Еуропа одағы Ресеймен жеңілдетілген жолмен виза беру келісімін жою туралы ұйғарымға келді. Бұл шешімнен соң ресейліктерге виза беру шарты қиындайды және виза құны екі есе өседі.

Латвия, Литва, Финляндия және Эстония ресейліктерді елге кіргізуге толық тыйым салуды қарастырамыз деген. Бірақ Хельсинки шектеу ЕО деңгейінде салынуы керек деп, бұл идеядан бас тартты. Дегенмен Финляндия ресейліктерге беретін визаны азайтты.