18 қаз, 2021 сағат 23:25

Еуро-2022: Футзалдан Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды


Бүгін Нидерландының Зейст қаласында футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінің жеребесі тартылып, Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат UEFA сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы В тобында сынға түсетін болды. 

Қарсыластары - Италия, Словения және Финляндия. Қазақстандық футзалшылар 20 қаңтарда Словениямен кездеседі. Одан кейін 24 қаңтарда Финляндия, 28 қаңтарда Италиямен шеберлік байқасады. 

Өзге топтардағы құрамалар бөлінісі төмендегіше: 

А тобы: Нидерланды, Сербия немесе Беларусь, Украина, Португалия

C тобы: Ресей, Польша, Словакия, Хорватия

D тобы: Грузия, Испания, Әзербайжан, Босния және Герцеговина

Бұған дейін хабарланғандай, жеребе тарту рәсімі UEFA.tv арнасында тікелей эфирден көрсетілді. Шара елорда уақытымен сағат 22:00-де басталды. 

Сербия мен Беларусь құрамалары тағы бір жолдаманы сарапқа салады. Ойындар 14 және 17 қараша күндеріне белгіленген.

Құрлықтық дода 2022 жылдың 19 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі. Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.

Айта кетейік, қазақстандық футзалшылар Еуропа біріншілігінде 2016 жылы алғаш рет қатысты. Сол жылы топтық кезеңде Ресейден 1:2 есебімен жеңіліп, Хорватиядан 4:2 есебімен басым түсті. Одан кейін ширек финалда Италияны 5:2 есебімен сүріндірді. Жартылай финалда Испанияға 3:5 есебімен жол берді. Ал 3-орын үшін сайыста Сербияны 5:2 есебімен жеңіп, қола жүлдегер атанды.

2018 жылғы құрлықтық додада B тобында Польшаны 5:1 есебімен жеңсе, Ресеймен 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал ширек финалда Сербиядан 3:1 есебімен айласын асырды. Жартылай финалда Испаниямен негізгі кезеңде 5:5 есебімен тең ойнап, пенальтиден 1:3 есебімен есе жіберді.