19 қаз, 2020 сағат 08:42

Есірткі сіңген масканы пайдаланып тонау фактісі тіркелген жоқ - Нұрділдә Ораз

Есірткі сіңірілген медициналық масканы пайдаланып тонау фактісі тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желі арқылы әлеуметтік қызметкер атын жамылған қылмыскерлер есірткі заты сіңірілген маска таратып жүр делінген ақпарат жалған. Содан кейін олар еш кедергісіз пәтерді тонап, ұрлық жасайды екен-мыс. Медициналық масканы пайдаланып, есірткі затының әсері нәтижесінде тонау фактісінің болмағанын ресми мәлімдегім келеді. Бұл фейк ақпарат», - деді Нұрділдә Ораз. 

Дегенмен ресми өкіл кез келген жағдайда барынша сақтып таныту қажеттігін, пәтер есігін бөгде адамдарға ашпау керектігін әрі балаларға да қауіп жайлы ескерту жөн болатындығын баса айтты. 

«Егер бейтаныс адамнан күдікті әрекет байқасаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз», - деді ол.