02 қар, 2020 сағат 20:29

Ержан Бабақұмаров пен Аружан Саин жетім балаларға арналған мамандандырылған орталыққа барды

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин және қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева жетім балаларға арналған мамандандырылған «Жанұя» кешеніне барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жанұя» мамандандырылған кешенінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оқыту мен тәрбиелеуде келіп-кету режимі орнатылған балалар және мүмкіндігі шектеулі балалар оқиды.

Кешенді аралау барысында балалардың тұру жағдайын жақсарту, сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін оқу материалдарымен жабдықтау мәселелері талқыланды. Мекеме тәрбиеленушілерінің дұрыс тамақтануы мәселелеріне жеке назар аударылды.

Мекеме аумағында балалар мен қызметкерлердің инфекция жұқтыруын болдырмау мақсатында санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуы және барлық қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі тексерілді.

Жиын қорытындысы бойынша әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров Білім басқармасы мен мамандандырылған мекеме басшылығына «Жанұя» кешенінде оқитын жетім және мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.