Алматыда КВИ-дің тәуліктік өсімі 25 тамыздан бастап 1,16-дан 0,2%-ға дейін азайды. Қалада инфекцияның төмендеуі шамамен 74 пайызға жетті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Ержан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Алматыда эпиджағдай тұрақты.
«Қазіргі таңда жағдай тұрақтанды. Біз жеткілікті деңгейде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Сол себепті процестер ашық өтуде. Жұмыс жүйесі Мемлекет басшысының стратегиялық міндеттері мен нұсқауына сай жалғасуда. Біз ВАК және Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыстамыз», -дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
Алматы әкімі орынбасарының мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері коронавирус инфекциясы 152 мың адамнан анықталған.
«2020 жылдың жазында және 2021 жылдың басында біз «ухань» штаммымен байланысты екі толқыннан өттік. 2021 жылдың көктемінде – «альфа» штаммымен туындаған толқын. 19 шілдеде «дельта» штаммынан туындаған инфекцияның ең ауыр толқыны басталды. Бүгін біз осы толқыннан шықтық», - деді ол.
Сонымен қатар Ержан Бабақұмаров вакцинация науқанының қалай жүріп жатқанын айтты.
«Вакцина – біз үшін стратегиялық мәселе. Алматы қаласында вакцина науқаны ақпан айында басталған. Біз сол кезде вакцина жүргізу процесінің құрылымын дайындап қойдық. 250 егу пункті дайындалды. Қазіргі таңда 160 пункт жұмыс атқарып жатыр. 1000-нан астам медициналық қызметкерлер жұмыс істеуде. Сонымен қатар қала бойынша 237 егу бригадасы қызмет етіп жатыр», - Ержан Бабақұмаров.
Оның сөзінше, пандемияны төтеп берудің бірден бір жол екпе алу.
«Біз вакцина егу науқанының арқасында қала халқы 1,5 айдың ішінде пандемияның кезекті толқынын жеңіп шықты. Пандемияның бірінші және екінші толқынындағы эпидемиологиялық тіркелген жағдайлармен салыстыратын болсақ, вакцинациялау оң нәтиже берген», -дейді Алматы әкімінің орынбасары.