15 мау, 2022 сағат 11:56

Қошанов жаңадан тағайындалған Ғылым министріне қатысты пікір білдірді


Саясат Нұрбек аз уақыт ішінде Мәжілістегі заң шығару ісіне зор үлесін қосты. Бұл туралы палатаның жалпы отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әріптесіміз Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының шешімімен Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды. Президент осы ведомствоға үлкен міндет жүктеп отыр. Сондықтан әріптесімізге осы қызметінде сәттілік тілейік. Парламентте аз ғана уақыт қызмет етсе де, заң шығару ісіне зор үлесін қосты деп ойлаймын. Өте танымал депутат болды», - деді Қошанов.

Осы орайда палата отырысында депутатқа Алғыс хат табысталды.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Парламент депутаттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін айтты.

«Маған үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Референдумнан кейін «Жаңа Қазақстанды» құрамыз деп жатқанда, тұңғыш тағайындалған министр болдым. Бұл ретте екі есе жауапкершілікті сезініп отырмын. Білім мен ғылым, ағарту ісі, жастарымыздың білімі және жоғары оқу орындарымыз мықты әрі халықаралық стандарттарға сай болуын қалаймын. Баршамыз бірге еліміздің ғылымын көтерейік. Сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды», - деді Саясат Нұрбек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Саясат Нұрбектің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ол Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды.